Бірінші басшылар жауапты

480

0

Заң жобасына сәйкес қол астындағы қызметкер жемқорлық жасаса, бірінші басшы да жауапқа тартылады. Осы мәселенің жай-жапсарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатып айтты.

Департамент басшысы «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының ережелерінде қызметтен кетудің тәртібін айқындайтын нақты вертикаль белгіленгеніне тоқталды.

– Жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі бастау алды десе болады. Енді қандай да бір қызметкердің бармақ басты, көз қыстылық іске қатысы бары анықталса, мемлекеттік орган басшысы отставкаға кетеді. Ол өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған қызметкерлердің басшыларына және саяси қызметкерлерге қолданылады. Мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткеннен кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда отставкаға береді. Осы лауазымды тұлғаның кінәлі болуы немесе болмауына қарамастан отставкаға беру талаптары міндетті болып табылады. Саяси қызметшілер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін немесе сот әлде қылмыстық қудалау органы қылмыстық істі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің және 36-бабы негізінде қысқартқан соң он күнтізбелік күн ішінде отставкаға береді, – деді Нұрман Талқанбаев.

Сонымен қатар спикер мемлекеттік қызметтегі гендерлік теңдіктің сақталу мәселесін де баяндады. Республика бойынша мемлекеттік қызметшілердің нақты саны қазір 89 005 адамды құрайды екен. Оның ішінде 49 584-і әйелдер, олардың 9521-і – басшылық лауазымда. Ал, аймақтағы көрсеткіш 45,8 процентті құрап отыр.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<