Дәстүрлі олимпиада өтті

1007

0

Қармақшы ауданы орталығындағы А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейде жоғары сынып оқушылары арасында математика пәнінен дәстүрлі олимпиада өтті. Бұл білім додасы ардақты ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Үсен Қошалақовты еске алуға арналды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан перзенттерін келер ұрпақ біліп өсуі тиіс деген болатын. Үсен Қошалақов (1917-1989) – Отанына қалтықсыз қызмет еткен жан. Соғысқа дейін Алматыдағы жоғары мектепті бітіріп, Зайсандағы педагогикалық училище директоры қызметін атқарған.  Батыстан соғыс өрті тұтанғанда Отан қорғауға офицер шенімен аттанып, ә дегеннен дивизиясымен бірге түгелдей жау тұтқынына алынған. Қиын-қыстау кезеңде ол туған халқының азаттығы үшін күресуге бар ғұмырын арнаған саясаткер, қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың пікірлесі болады. Ол – кеңестік қауіпсіздік органдары «Отанына опасыздық жасады деп дәлелсіз айыптаған 49 адамның бірі. 1945 жылы сол 49 тұтқынның 8-і ату жазасына кесілген. Жеңістің алғашқы жылын атап өту қарсаңында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен рақымшылыққа ілініп, 25 жылға сотталған. Елге 1956 жылы оралып, аудандағы кешкі мектепте математика пәнінен сабақ береді. Кейін №105 мектепте ұстаздық қызметін жалғастырып, осы жерден зейнетке шығады. Ғибратты ғұмыр кешкен соғыс ардагері зайыбы Мадина Толыбековаменмен бірге 5 ұл тәрбиелеп, өскелең ұрпаққа өмір бойы қызықты пәннің қыр-сырын меңгертті. Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие берді. Қазіргі таңда шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Айта кетейік, аудандық олимпиада биыл 14-мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған аудандағы 29 білім беру ұйымынан 100-ден астам озық ойлы өрен қатысып, бақ сынады. Білім бәйгесі 8-11 сынып оқушылары арасында өтті, биылғы сайысқа Жалағаш ауданының математик ұстаздары қазылық етті. Жас білімгерлердің сайысын қорытындылау жиынына аудан әкімі Қайрат Нұртай қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Білім саласының ардагері Дәмелі Жалғасбаева ардагердің өмір жолынан естелік айтты.

Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған олимпиаданың мақсаты – ағарту саласының дамуына айтулы үлес қосқан тұлғалы азаматтың тағылымды ғұмырын, еңбек жолын насихаттау, талантты балаларды айқындау. Үсен Қошалақов атындағы математикадан дәстүрлі XIV аудандық олимпиадада жүлделі І орынды №277 мектеп командасы иеленсе, келесі орындарды №105 мектеп-лицей мен №183 орта мектеп командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<