Дархан Қыдырәлі «Журналист сөз алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек»

1094

0

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының студенттерімен кездесті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов, университеттің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Каримова қатысты.

Кездесуде оқу орнының құрылғанына 85 жыл толуымен құттықтап, студенттердің сұрақтарына жауап берді. «Журналистика төртінші билік бола ала ма?» деген сауалға, «журналистің өзін кәсіби тұрғыдан көрсете алуына байланысты. Тексерілген ақпарат сәл кештеу шығуы мүмкін бірақ сауатты нақты дәлелмен жазылады. Жылдам ақпарат таратамыз деп бүлдіріп алып жатады. Журналист пен блогер қатар қарайтын дүние емес. Журналистің орны қашанда жоғары. Мемлекеттік БАҚта істесе де, жеке басылымда істесе де журналистің өзіне байланысты. Журналистерге айтарым сенімді ақпарат таратуға, журналистің қадірін түсірмеуге, ізденіп, еңбек етсе деймін. Бұл журналистке де, халыққа да жақсы. Журналистке керемет сөздің шебері болудан бұрын білікті болу маңызды. Жақсы жазып, жақсы сөйлеу алуы керек. Сөз алдындағы жауапкершілікті сезіну керек» деді министр.

Жастармен дидарласу сәтінде «Бірінші телеарнаға баруға асығады. Мен газетке барып, жазуға машықтануға шақырамын. Жазуға төселсе, кейін кез келген арнадан орын таба алады» деген кеңестерін айтты.

Университеттің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова министрдің сөзін қоштап, оқу орны «Сыр Медиа» серіктесітігінің «Ақмешіт жастары» газетімен келісімге келгенін айтты. Ол арқылы жастар өндірістік тәжірбиеден өтуде деп пікір білдіріп, уақыт бөліп келгеніне алғыс білдірді.

Іс-шара соңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Каримова министрге Қорқыт атаның қобыз тартып отырған естелік мүсіншесін табыс етті. Жастармен естелік суретке түсті.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<