Дүние дүрмек

485

0

Қалталы қасқыр қайта тіріле ме?

Аустралия мен АҚШ-тың зерттеушілер тобы жойылып кеткен тасманиялық жолбарыс популяциясын қайта тірілту жобасына кірісті. Бұл қалталы қасқыр немесе тилацин деп аталатын жыртқыштардың соңғысы өткен ғасырдың 30-жылдарында өлген.

Зерттеушілер қалпына келтірілген жануардың алғашқысын шамамен он жылдан кейін жабайы табиғатқа шығаруға ниетті. Процесс бірқатар ғылыми жетістіктерді қажет етеді және егер сәтті іске асса, жойылып кеткен биологиялық түрді реанимациялаудың алғашқы жағдайы болмақ.

Алдын ала жасалған бағалаулар бойынша тилацинді қалпына келтіру жобасына 75 миллион доллар қажет. Жобаны қаржыландыруға 2017 жылы алғашқы биткоин миллиардерлері ретінде танылған ағайынды Кэмерон және Тайлер Уинклвостар, сондай-ақ, «Marvel» компаниясының картинасында Тор кейіпкерін сомдаған актер Крис Хемсворт тартылып отыр.

Тасманиялық жолбарыстарды тірілту идеясы ғалымдардың ойында 20 жылдан бері жүр. 1999 жылы Сиднейдегі Аустралия музейі жыртқышты клондауға ұмтылған еді. Содан бері жануардың қолда бар үлгілерінен ДНҚ алу немесе бөлшектерін қайта қалпына келтіруге бірнеше талпыныс жасалған.

Ішінара тыйым салынды

Қытай билігі босануға дейінгі және босанғаннан кейінгі қолдауға арналған бірқатар шараларды қамтитын құжатты жариялады.

Сондай-ақ, Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы түсік жасатуға ішінара тыйым салынғанын жария етті . Қытай билігінің мәліметінше, 2015-2019 жылдар аралығында елде жыл сайын орта есеппен 9,5 млн түсік жасалған. Денсаулық сақтау саласы шенеуніктерінің ұсынысы бойынша, енді жүктілікті тек медициналық себептермен ғана тоқтатуға болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта аналарға әлеуметтік көмек көрсету аясы кеңейіп, бедеулікті емдеу қолжетімді болмақ.

Қытайда туу көрсеткіші биыл бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендейді деген болжам бар: елде дүниеге келетін бала саны 10 миллионнан аз болуы мүмкін (өткен жылы 10,6 млн бала туған, бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,5%-ға аз).

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, 2023 жылы Үндістан Қытайды басып озып, әлемдегі халық саны ең көп елге айналады. Айта кетсек, 1980-2015 жылдары Қытайда «бір отбасы – бір бала» саясаты жүргізілді. 2016 жылы отбасыларға 2 бала сүюге рұқсат берілді, ал тағы 5 жылдан кейін бала саны 3-ке жетті.

Аукционнан алып еді…

Жаңа Зеландия полициясы аукционда сатып алынған чемоданнан шыққан адам сүйегіне байланысты тергеу жұмыстарын бастады.

Полиция мәліметінше, Оңтүстік Оклендтен келген отбасы қоймалардың бірінен әртүрлі ескі заттар, соның ішінде бірнеше чемоданы бар тіркеме сатып алған. Үйлеріне оралған олар чемодандарды ашып, ішінен ер адамның сүйегін тапқан. Кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу басталған.

Тәртіп сақшылары күтпеген жерден адам сүйегіне кез болған отбасының бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін, оларға психологиялық қолдау көрсетілетінін айтты.

Иелері тастап кеткен заттарды сату – көптеген елдердегі қоймалар үшін стандартты тәжірибе. Ол үшін сақтау орындары арнайы аукциондар өткізеді. Әдетте, сатып алушыларға сауда-саттыққа дейін оның ішінде не барын қарауға рұқсат етілмейді.

Жасарудың жаңа әдісі

Израильдік ғалымдар жасарудың жаңа әдісін ойлап тапты. Бұл зерттеулер 30 жыл бойы жүргізілді. Хайфадағы Рамбам клиникалық университеті және Технион университетінің ғалымдары тышқандарға тәжірибе жүргізіп, терісін ауыстырып көріпті.

Алайда бұл бастаманың регенерация мен теріні жасарту тетігі бола алатынын ойламаса керек. Жобаны жасаушылар зерттеудің басында қартаюды тоқтатудың жолын іздеген. Осыдан 30 жыл бұрын жас тышқанға кәрі тышқанның терісін ендірген. Тері жасара бастағанын көріп өздері де таңғалған. Ғалымдар терінің түпкі қабаттарында не болғанын зерделеп, не себепті оның жасара бастағанын түсінгісі келеді. Нәтижесінде қартаюды кері айналдыратын гросс-фактор анықталды.

Кейін кәрі адамның терісін алып, гросс-факторды қосты. Нәтижесінде қартаюы тоқтап қана қоймай, кері айналғанын көрді. Енді осы гросс-фактор негізінде дәрі жасауға болады. Бірақ осындай керемет препаратты шығару үшін әлі де уақыт қажет. Адамға зиянсыз дәрі шығару үшін ғалымдарға бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Бұл адам баласы мәңгі өмір сүреді немесе әркез жас болады деген сөз емес. Бірақ  егде жаста қалжырамай, қаусамай тіршілік кешуіне үміт береді.

Ең төменгі деңгейге жетті

Халықаралық сауда-саттық нарығында еуро бағамы доллармен салыстырғанда жаз басталғалы осымен екінші рет тепе-теңдік деңгейден төмен түсіп кетті.

Өткен дүйсенбі күні кешке бірыңғай еуропалық валюта 1 пайыздан астамға арзандап, 20 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті.

Рекордтық құлдырау факторларының бірі – әлемдегі энергетика дағдарысы және Солтүстік ағын арқылы газ жеткізіліміндегі кідірістер, сондай-ақ АҚШ федералды резерв жүйесінің инфляцияны ауыздықтау бойынша белсенді әрекеттері. Сондай-ақ Еуропада британдық фунт және венгр форинты сияқты валюталардың бағамы төмендеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<