Құрылтай

Ендігі міндет – жөндеуден өңдеуге көшу

4

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автокөлік жасау саласын дамыту мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы өңірдің автомобиль жасау өндірісіндегі бастамалар мен мәселелерге тоқталды.

Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамыту, оның ішінде отандық машина жасау саласын қолдау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын.

Өңірде толық циклді автомобиль шығаратын кәсіпорын болмаса да, жүк вагондарын жөндеу және қо­сал­қы бөлшектер өндіруде тиісті жұ­мыс өз деңгейінде атқарылуда. Мәселен, сала кәсіпорындары бірінші жартыжылдықта 12 млрд теңгеге қызмет көрсетіп, негізгі өсім 9,9 пайыз болған.

– Келесі міндетіміз – жөндеу жұ­мыстарынан өнеркәсіптік өндіріс дең­гейіне көшу. Бұл бағытта Қы­зылорда қаласындағы «Марал-Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу, заманауи жолаушылар вагондарын құрастыру жобасы кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, Арал ауданында «Дара Мото» инвестициялық жобасы аясында өңірімізде алғаш рет мотоцикл және мопед құрастырылуда. Бұл экономиканы әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға оң ықпал етеді.

Салаға қажетті кадрлар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжінде даяр­лануда. Кейінгі екі жылда 200 студент білім алып, көлік, логистика, техникалық қыз­мет көрсету және теміржол сала­сындағы кәсіп­орындарда еңбек етіп жүр. Жауапты басқармаға, қала және аудан әкімдіктеріне жаңа инвестициялық жобалар тартуды, кәсіп­орындардың өндірістік жүктемесіне тұрақты мони­торинг жүргізуді және өнім көлемін ұлғайтуды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Жиында дала өртінің алдын алу мәселесі де талқыланды. Орман және дала өрттерінің басым көп­ші­лі­гі адамдардың немқұрайлық әрекет­терінен, қауіпсіздік ережелерін сақ­тамауынан туындайды. Өңірдің құрғақ және желді климатын ескерсек, дала өрттерінің пайда болу, тез тарау қаупі аса жоғары. Осы жылдың 6 айында 24 өрт тіркелген. Облыс әкімі қауіп­сіздік шараларын күшейтуді ескертті.

Сонымен қатар қала және аудан­дардағы байланыс сапасын арттыру, цифрлық инфра­құрылымды дамыту, ветеринария саласында статистикалық дерекқор жүйесін қалпына келтіру, хаттамалық тапсырмаларды уақытылы орындау тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі