«Екіжақты қатынастардың берік негізі қаланды»

312

0

Ереванға ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Мемлекеттік резиденцияда Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қарсы алды.

Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік әнұрандары орындалған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Содан кейін Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ресми сапарына ерекше мән беретінін және оның екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін мол әлеует бар екенін айтты.

Өз кезегінде Никол Пашинян өзара байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, армян-қазақ қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, инвестициялық, өңірлік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар өңірлік тұрақтылық және қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударды.

Шағын форматта өткен келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян Қазақстан мен Армения арасындағы көп қырлы байланыстарды одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.

Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшылары келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.

– Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзінің Арменияға ресми сапары Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтуінің символдық мәні бар екеніне назар аударды. Ширек ғасыр ішінде екіжақты қатынастардың берік негізі қаланды. Саяси диалог белсенді дамып, үкіметтер мен парламенттер арасында байланыс орнады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің Ереванға сапары Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытудың мейлінше перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет – экономикалық қарым-қатынастарды сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар.

Өз кезегінде Никол Пашинян Қазақстан Президентінің Арменияға алғашқы сапары мол мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Соның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік. Сонымен қатар біз мәдени-гуманитарлық саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері, ал келесі жылы Арменияда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Жалпы бүгінгі қарастырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуды көздейтін нақты шешімдер қабылдайтынымызға сенімдімін, – деді Армения Премьер-министрі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі келіссөздер екі елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастығын сақтауға мүдделі екенін дәлелдейді.

– Бүгін күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Біз нақты келісімдерге қол жеткіздік. Пашинян мырза бұл туралы жаңа ғана толығымен айтты. Әсіресе, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге ерекше назар аудардық. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі соңғы бес жылда тұрақты өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздердің өзара сенім және түсіністік рухында өткеніне тоқталып, бұл сапар екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Армения Премьер-министрі бүгінгі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің жоғары деңгейдегі диалогымыз жаңа ғана қол қойған бірлескен мәлімдеме арқылы расталды. Мұның екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуда маңызы зор. Шынайы әрі өзара тиімді байланыстарды нығайту жөніндегі ұстанымы үшін қазақ делегациясына алғыс айтамын. Біз көпжақты күн тәртібін одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін айқындадық. Сондай-ақ жаңа жобаларды, соның ішінде көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету перспективаларын нақтыладық. Біз тауар айналымының тұрақты өсіміне қарамастан, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанымен келісеміз, – деді Армения Үкіметінің басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<