Елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен қайраткер

533

0

Облыс әкімдігінде Сыр елінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан тарихи тұлға, қабырғалы қайраткер Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен қайраткер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Қайраткерді ұлықтауға арналған жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, аудандық делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, ұрпақтары, туған-туыстары қатысты.

Конференцияда алдымен облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, жиынды жүргізіп отырды. Спикер Қонысбек Қазантаевтың есімі туған халқына қалтқысыз қызмет еткендер қатарында өз биігінен аласармай, уақыт өткен сайын асқақтай түсетінін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуы жоспарланғанын, Президент әкімшілігінің жұмысымен қатар келуіне байланысты аймақ басшысы жиынға қатыса алмайтынын жеткізіп, облыс әкімінің конференцияға сәттілік тілеген хатын оқып берді.

«Қойнауы құтқа толы қасиетті Сыр елінің жері ұлт мүддесі, ел қамы, аймақ абыройы үшін тер төккен асыл азаматтар мен жайдары жандарға толы. Солардың бірі – елдің біртуар азаматы Қонысбек Қазантаев еді.

Қонысбек Төрешұлы – өшпес із қалдырған ғұмырының жарты ғасырын ел басқару ісіне арнап, өңіріміздің өркендеуіне, ырысты, күрішті аймаққа айналуына сүбелі үлес қосқан абыз ағамыз. Қонысбек аға ел басқару жолында алғысқа кенеліп, Қармақшы, Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш аудандарының экономикасын көтеріп, ауыл өмірінің дамуына үлес қосты.

«Ел еңсесі азаматымен биік» дейді. Қиын да өтпелі кезеңдерде халықты байыпты әрекетке бастап, елді ортақ мүддеге ұйыстыра білді. Адалдықтың, әділдіктің, турашылдықтың туын желбіреткен бірегей болмыс ретінде байырқалы бастамаларға дәнекер болды.

Тұрақтылықты ту етіп, қарапайымдылықты қағида еткен ғазиз азаматтың парасат жолындағы ізгілікті істері мен қарекетті қадамдары ел есінде, жұрт жадында» делінген хатта.

Айта кетсек, қайраткер тұлғаның 100 жылдығы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес арнайы іс-шаралар өтуде. Жоспар бойынша Шиелі, Жалағаш, Сырдария аудандарында танымдық конференция болып, ас берілді. Еске алу шараларының барлығында қайраткердің өнегелі өмір жолы насихатталды. Наурызбай Байқадамов тағылымды шараның маңыздылығын да атап өтті.

– Биыл біршама жерлес тұлғаларымыздың есімін атап өту жоспарлануда. Осы шаралар аясында біз өмірде жиі кездесетін «Тұлға тарихты жасай ма, әлде тарих тұлғаны жасай ма?» деген сұраққа жауап іздеп көреміз. Бұл алдымен өмірден өткендер үшін емес, артта қалған бізге керек. Әйтпесе, қоғам қайраткері, тұлға деген түсініктерді кез келген жерге жапсырып, мәнін түсірудеміз. Адам үшін әділет пен ақиқат – ең үлкен қағида. Рухты адамның денесі көрде болса да, өнегесі төрде деп түсінемін. Ондай жандардың қоғамдағы орнын көрмеу жақсы болуға ұмтылдырмайды. Жақсы болуға ұмтылмасақ, жаман аттан сақтана алмаймыз. Жаман атанудан сақтанбаудан ұрпағымызды атасыз қалдырамыз.

85 жылдық аясында облысымыздың өркендеп-дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер аға буын өкілдерінің еңбекқор, адал қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау жұмыстары ойластырылған. Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Қонысбек Қазантаев, т.б мерейтойлары аталып өтуде, яғни, жақсыларымызды ұмытпайық. Ал оларды танып-білу үшін де қабілет керек. Ол қабілетті осындай басқосуда дамытамыз, – деді Н.Байқадамов.

Мұнан соң Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Нұрлыбек Мыңжас «Дәуір тудырған тұлға» тақырыбында баяндама жасап, аймақтың мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінде Қонысбек Қазантаев қосқан үлесінің орасан екендігі жөніндегі деректерімен бөлісті.

– Ол бүкіл әлемді шарпыған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан аға ұрпақтың өкілі еді. Жасы жиырмадан енді асқан оның еңбекке араласқан кезі Ұлы Отан соғысынан кейінгі қысылтаяң уақыт болатын. Соғыстан кейінгі ахуалды еске түсірудің өзі ауыр. Міне, осындай ауыр уақытта, елдің еңсесін сұм соғыстың салдары басқан кезеңде ел үшін күн-түн демей еселеп еңбек ету Қонысбек Төрешұлымен тұстас ерте есейген, есті ұрпақтың иығына ауыр жүк болып артылды.

Қонысбек Төрешұлы ерен еңбекқор, іскер жан еді. Ардақты ағамыз өз дәуірінде дара тұлға болғанын халқы ол кісінің көзі тірісінде-ақ мойындаған. Оған Қонысбек ағамыз жайында жазылған ғұмырнамалық кітаптар мен бірнеше халық қалаулыларының, қарапайым еңбек адамдарының газет-журнал беттерінде жариялаған естеліктері дәлел бола алады, – деді Нұрлыбек Мыңжас.

Жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай «Қазантаев тағылымы» тақырыбында баяндама жасап, халықтың қарапайым ұлы, білікті басшы, мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлының рухына тағзым ету, елеулі еңбегін насихаттау негізгі мақсат екенін айтты.

– Баяндаманы дайындау барысында қайраткердің замандастары мен шәкірттері, қарапайым еңбек адамдарының естеліктерімен, ауызша куәліктерімен танысып, нағыз халықтық басшының, халықтық басқару ісінің, темірдей ішкі тәртіп пен ұқыптылықтың, ұлт менталитетін өзгертуге әлеуеті жететін бірақ оған аудандық масштаб мүмкіндік бермеген қайраткер екеніне көз жеткіздім. Ол тұрмыста да, ұсақ-түйекте де ұлы болды. Облыс көлемінде шаруашылық жүргізудің субмәдениетін, Қазантаев әлемін жасай алды. Ұқыпсыздықтың жоғарыдан да, күнделікті өмір мен тұрмыстан да шыққан көріністерімен аяусыз күресті. Қазір облыс көлемінде шаруашылық басқарып жүрген азаматтар үшін Қазантаевтың өміршең істері мен шешімдері жетіп артылады. Тек басшылыққа алса болғаны, – деді Дастан Сәтбай.

Сондай-ақ, конференция барысында Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алмагүл Божанова сөз сөйлеп, өз еңбек жолында талай маманды жұмыс жасауға үйретіп, еңбексүйгіш буын қалыптастырып, ел үшін еңбек ететін кадрлар өсірген Қонысбек Қазантаевтың кадр тәрбиелеудегі іскерлігі, еліміздің өркендеуіне атсалысқан шәкірттері туралы айтты. Қайраткердің басшы ретіндегі әділдігі, талапшылдығы, тазалығы, кез келген істі беріле атқаратындығы қарамағындағы қызметкерлерге үлгі-өнеге болғанына тоқталды.

– Қонысбек Төрешұлы 22 жыл Тереңөзек, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Менің ойымша осындай басқару жүйесіндегі ерекше тұлғалардың қарым-қабілетін, пайым-парасатын, басқару әдістерін, стилін жас буынға сабақ ретінде үйретсе артық болмас еді. Конференцияның бас баяндамашылары Қонысбек Қазантаевтың бейнесін, болмысын ашып берді. Осыны әрі қарай зерттеп-зерделеу керек. Қонысбек Төрешұлы бұрынғы Тереңөзек ауданын басқарған кезінде уақыттың қиындығына қарамастан әлеуметтік-рухани салалардың жан-жақты дамуы онымен қатар қызмет атқарған қоғам қайраткерлері Елеу Көшербаев, Қожахмет Бекқожаев, Көбейсін Исаев, Мақсұт Әбдіразақов, тағы да басқа іскер ұйымдастырушылар, асыл азаматтардың аянбай еңбек етуіне де байланысты болды. Қонекең бұл кісілердің әрқайсысын жоғары бағалады. Шебер үйлестіріп отырды. Өмірінің соңына дейін солармен отбасылық қарым-қатынаста болды. Бұл – кейінгілерге аңыз етіп айтып отыратын үлгі-өнеге, – деді Алмагүл Божанова.

Конференция барысында Қонысбек Қазантаевтың әріптесі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Дина Аисина, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, су шаруашылығы мен мұнай саласының ардагері, Қызылода қаласының, Арал, Қазалы, Сырдария аудандарының құрметті азаматы Айтбай Көшербаев сөз сөйлеп, біртуар азамат Қонысбек Қазантаев жайлы жылы естеліктерді бөлісіп, өнегелі өмірі мен кадр даярлаудағы іскерлігі жайында сөз өрбітті.

Расында саналы ғұмырының 50 жылын ел дамуы жолындағы еселі еңбекке арнаған Қонысбек Қазантаев қоғам қайраткері ғана емес, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан сарбаз. Сан қырынан сыналған Қонысбек Төрешұлы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Мәскеудегі ХХІІІ съезіне делегат болып қатысты. Отыз бес жыл бойы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланды. «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 2 рет «Құрмет Грамотасымен» марапатталған. Айта кетейік, Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Шиелі, Сырдария ауданындағы бір көшеге Қазантаев есімі берілген. Ал Жалағаштағы аудандық мәдениет үйі Қ.Қазантаев есімімен аталады.

Іс-шарада Қ.Қазантаевтың ұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Ғ.Қазантаев сөз сөйлеп, 100 жылдыққа арналған іс-шараларды облыс көлемінде ұйымдастыру мен өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа ризашылығын білдірді.

Айта кетсек, Сырдың аяулы перзентінің есімін ұлықтауға арналған шаралар кешені одан әрі жалғасады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<