Елордаға жылу сыйлаған жәрмеңке

791

0

Әдетте, тоғыз ай қыс болатын Арқаның аязы бәріне белгілі емес пе? Қыркүйек туысымен, жо-жоқ, тамыздың аяқ шенінде мұндағы күн райы лезде бұзыла салады. Рас-ау, оңтүстікті мекен қылған мына біз ондағы суыққа аса төзімсізбіз. Төзерміз-ау, бірақ үйренген жеріңе қайтуға асығып-ақ тұрарсың.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен біздің өңір ұйымдастырған екі күндік жәрмеңкеге осындай үркек оймен бардық. Жұрт «Қызылордада жүргендей қысқа жең жейдеңді ондағы ауа райы кешірмейді» десті. Аспан ара-тұра қара бұлттанып, нөсерлететінін де естідік. Естідік де күз киер киімді қамдап барғанбыз. Тоңсақ қымтанармыз деген ниет қой. Осылайша жеттік елордаға.

Жәрмеңкедегі біздің мақсат – елді ақпараттандыру. Аты айтып тұрғандай, бұл жәрмеңкеге Сыр елі 500 тонна өніммен келді. 500 тонна дегеніңіз – көл-көсір дүние. 200 млн теңгенің өнімі. 50 шақты ірілі-ұсақты көлікпен артынып-тартынып жетті.

Мұндағы ең көп өнім біздің басты бренд – күріш. 100 тонна. 45 тонна балық пен ет. Етті арқалықтар жеп жүргенін білеміз, оларға таңсығы – Аралдың ақ сазаны. Бір қызығы, Сырдың қауын-қарбызынан бөлек, асқабағына қызығушы көп. Иә, кәдімгі сәлде асқабақ. Біз жергілікті тілде солай атамаушы ма едік? Міне, осы дақылды көтере сатып алып, көлігіне артқандарды жиі байқағанбыз. 30 тонна асқабақ астаналықтарға жетпеуі мүмкін, бірақ тым тез сатылған өнімнің бірі осы.

Қызылордада егілген көкөніс пен жеміс-жидектен 80 тонна апарылды. Тәтті бұрыш пен қызанақ, қырыққабат пен қиярды қаптап алғандар бар. Демек, қысқа қарай түрлі салатты банкіге басып, ұрасына сақтауға дайындық деген сөз бұл.

«Екінші нан» саналатын картоп пен Сырдың қара қауыны, ала қарбызы жәрмеңкенің көркі болды. Барлығы 210 тоннадай өнімнің саудасы ә дегеннен бірден қызды. Дым алмады дегенде осында келген адам бір қарбыз не бір әміре қауын құшақтап бара жатты.

Көзге бірден түсер дүниені айтып болдық дегенмен, біздің облыстан бұдан басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері барды. Ұзын саны 70-ке жуықтайтын түрлі тауардың қатарында ас тұзы, сүт және кондитерлік өнімдер де бар.

– Біз әдейі күттік осы жәрмеңкені, – дейді Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны Динара Бекмырзақызы. – Өйткені, өзіміз сыртта жүрген соң елдің дәмін алуға асығамыз. Басқа өңірдікін жамандаудан аулақпын, бірақ біздің Қызылорданың қандай өнімін алсақ та, отбасымызбен тұшынып пайдаланамыз. Мысалы, бүгін мен 25 келілік ақ күріш, он шақты келі балық және молдау етіп асқабақ пен қырыққабат алдым. Әрі бұлар сақтауға да қолайлы. Күнделікті жеуге қауын-қарбызды да ұмытпадық. Басқа облыстан келген жәрмеңкелерге келіп жүрміз ғой. Мұндай адам лық толы жәрмеңкені алғаш көруім.

Динара «Қазалы» атымен танымал конфетті де, сондай-ақ Аралдың шұбатынан бес литр алғанын айтып қалды.

Расымен, біздің өңір ұйымдастырған жәрмеңкеде адам қарасы тым көп. Бұл облыс өніміне деген сұранысты анық білдіріп тұр. Әсіресе, күрішке… Жәрмеңкеде жерлесіміз, белгілі журналист Жайна Сламбекті кезіктіргенбіз. Туған жердің өнімін тұтынып қана қоймай, тұтас астаналықтарға жарнамалай келіпті. Ұялысымен тікелей эфир жүргізіп жүр.

– Байқап отырғандарыңыздай, Қызылорданың күрішіне сұранысты осыдан-ақ біле беріңіз. Сапасы жақсы күріш сатып жатқан болуы керек, қарақұрым халық кезекте тұр. Одан соң тағы бір назар аударатын дүние – Сыр бойында өскен қауынның түр-түрі сатылуда. Мен өзім сонда туып-өскен соң нақты айта аламын, бұл қауынның дәмі тіл үйіреді. Нағыз шекер, дәмін татып көрсеңіз, өкінбейсіздер, – деп өз оқырмандарына біздің жәрмеңкенің берекелі екенін тағы бір көрсетіп өтті.

Жайна ханым айтатынындай бар. Дәл сол жәрмеңкенің бірінші күні күріш саудасы тым жоғары болды. Кезекке тұрған халықта есеп жоқ. Сатушылар үлгерер емес. Өзіміз де анық байқадық. Астаналық ағайын мұнда екі зат алар болса, соның бірі – Қызылорданың ақ маржаны.

Сол бірінші күні-ақ 100 тонна күріш түгесілді. «Қап!» дестік ішімізден. «Тағы 40-50 тонна болғанда ғой» деген өкініш те қалды. Өйткені, жәрмеңкенің екінші күні «күріш, күріш бар ма?» деген елордалықтарда есеп жоқ. «Жоқ еді», «таусылды» деген сөзді естіген кейбірінің реніші тіпті таудай. Иә, осындай да жағдай болған бұл жәрмеңкеде.

Бір байқағанымыз, Нұр-сұлтан қаласының тұрғындары Сыр елі жәрмеңкесінің келуін асыға күткен. Бұл анық. Жоғарыда айтқанымыздай, адам қарасы мол. Екіншіден, сапасы жақсы біздің өнімнің сатылу құны да тым төмен. Нарық бағасынан 20 пайыз арзан деп жатты келушілер.

– Екі күннен бері Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Жай өтіп жатқан жоқ, халыққа ұнамдылығымен өтуде. Біздің астаналықтар дән риза, әсіресе, маңдай терімен бақша өнімдерін еккен Сыр диқандарына, сондай-ақ күрішшілерге алғысын білдіруде. Мұндай кең ауқымды шараны жоғары деңгейде ұйымдастырушылардың еңбегі мақтауға тұрарлық, – дейді астаналық әріптесіміз, белгілі тележурналист Зейін Әліпбек.

Рас-ау, егінші мен балықшысы мол Сырдағы елді қалай дәріптесек те жарасады емес пе? Әрі алыс жолды артқа тастап, Арқадағы ағайынға болсын деп, арзан бағада жәрмеңке ұйымдастырса, оны әспеттеп жазуға әбден болады емес пе? Біздің бұл ойымызбен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Ғалым Әміреевтің де пікірі үндес болып шықты.

– Бұл өте қажетті іс-шара деп есептеймін, – дейді депутат өз сөзінде. – Арзан бағада сатылған әрі отандық өнімге сұраныс жоғары болатыны белгілі. Бүгінгі екі күндік жәрмеңкеде соны байқадық. Күріш пен балық, бақша өнімдері мен көкөніс – қыс алдында елордалықтарға өте керекті дүние. Барлығының бағасы да қалтаға қонымды. Халыққа ұнап отырғаны да осы. Бірақ бұл іс-шара жыл сайын өтіп жүрсе де, бізде бір қиындық бар. Ол  – «Қызылорда-Жезқазған» автожолы. Алдағы жылы аталған мәселе толықтай шешіледі деген сенім бар. Екі аралықтағы жол құрылысы аяқталса, онда тасымал жағынан қиындық тумайды. Жол салынса, жәрмеңке дәстүрі де тоқтамайды деп есептеймін, – дейді ол.

Жәрмеңкеде жүріп белгілі зиялы қауымның пікір ауанын да байқадық. «Қызылордалықтар еңбеккер. Маңдай тердің жемісі. Міне, қараңыздаршы, қандай сапалы өнімдер. Арқа жұрты үшін айналайындар-ау, бұл нағыз тарту, үлкен мүмкіндік қой» дегенді естіп жаттық. Шын мәнінде, бұл сырбойылықтардың адал еңбегі, бағалы сыйы.

Бұл бұл ма, өнерлі өлкенің саңлақтары ұсынған концерттік бағдарлама да керемет көңіл толқытып тұрды.

Қош, сонымен екі күндік іс-шараның қысқаша легі осындай. Нұр-Сұлтан қаласындағы Сыр бойы өніміне деген сұраныс көңілді шалқытты. Атақты «Астана Арена» спорт кешенінің алдындағы еш алыпсатарсыз болған жыл базары өз деңдейінде өтті десек қателеспеспіз. Мақала басында айттық. Қыркүйектің басы болса қарашаның ызғары сезілетін мұндағы ауа райы көпшілікке аян. Аспан бұлттанып, қара нөсер ауық-ауық төгіп өтсе де, мұндағы халықтың көңілі жадыраңқы. Көңілде жылулық болса, адам тоңа қоймайды екен. Жаурамадық. Жәрмеңкенің қызуы тұтас астананы жылытып тұрғандай болды бізге…

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<