Елтаңба авторына құрмет

764

0

Биыл – Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 30 жыл. Осы айшықты датамен Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жылдық мерейтойы қатар келді. Наурыз мейрамы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жандарбек Мәлібекұлын I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттап, одан кейін Елтаңба авторын 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, өз лебізін білдірді.

Мерейтой иесіне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Алғыс хатын туған жері Жаңақорғанда аудан әкімі Руслан Рүстемов салтанатты түрде табыстады.

  Кеше аудан орталығында ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына және Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жасқа толуына арналған «Тағылымы мол тұлға» атты салтанатты жиын өтті.

Жиында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Арман шаңырақ» пьесасын жергілікті өнер шеберлері көрермен назарына ұсынды. Пьеса Елтаңбаның шығу тарихын суреттейді. Оның желісі Жандарбектің бала күнгі арманы арқылы ұлт болмысын баяндап, шаңырақтың қасиетін көрсетуге тырысқан. Арнайы іс-шара Елтаңба авторының жерлестерімен пікірлесуімен жалғасты.

Айтыскер ақын Әбілқайыр Сыздықов Елтаңба авторына арнау өлеңін жолдады.  Қазақы дәстүрге сай кеш қонағының иығына зерлі шапан жабылып, студент кезден бергі досы, ел ағасы Алшынбай Тұртанов темір тұлпар мінгізді.

Мерейтой иесі киелі топыраққа тағзым жасап, жерлестеріне Елтаңба туралы тағылымды ойын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<