Еңбек адамын қолдау еселене бермек

722

0

Фото: ашық дереккөз

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс прокуроры Нұрлан Бижановпен бірге аймақтағы бірқатар компания ұжымдарымен кездесті.

Алдымен облыс әкімі «Қызылорда су жүйесі» мен «Қызылорда тазалығы» мекемелері қызметкерлерімен жүздесіп, алдағы уақытта коммуналдық қызмет жұмысшыларының жалақысы көтерілетінін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген болатын. Біз ортақ игілікке өз үлесін қосып  жүрген, жұмысын адал атқаратын қарапайым еңбек адамдарына қолдау көрсетудеміз. Осы мекемеде таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс жасайтын жұмысшылардың қаладағы қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастырдық. Сонымен қатар, еліміздің белгілі тынығу орындарына жолдама беруді бастадық. Осы жылы бұл қолдаудың ауқымы кеңейеді. Қазіргі уақытта кәсіпорындағы күрделі жағдайға қарамастан, біз орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалақыны өсіру бағытында жұмыс жүргізудеміз», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі кәсіпорын қызметкерлеріне еңбек етуге лайықты жағдай жасалатынын, әлеуметтік қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жұмысшыларының айлығын өсіруге ниетті жұмыс берушілерге өз тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу нәтижесінде облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшылығына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесе отырып, еңбек жанжалдарының туындау мәселелеріне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізіліп, оның алдын алу жөнінде ұсыныстар әзірленуі керек.

Бұдан әрі аймақ басшысы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» және «Қазгермұнай» БК ЖШС ұжымдарымен кездесті.

Айта кетейік, өткен жылы жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізу нәтижесінде 52 ірі кәсіпорынмен өзара ынтымақтастық жөнінде үшжақты меморандумдарға қол қойылды. Атқарылған жұмыстардың қорытындысында өткен жылы облыс бойынша 80 кәсіпорындағы 34 мыңнан аса жұмыскердің жалақы мөлшері 4-50 пайыз аралығында артты. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<