Еңбек қауіпсіздігі маңызды

672

0

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тарихы 1989 жылдан бастау алады. Ал 1996 жылы Халықаралық еңбек ұйымы бұл атаулы күнді ресми түрде  28 сәуірге белгіледі. Сөйтіп алғаш рет еңбекті қорғау күні 2003 жылы атап өтілді. Қазір бұл маңызды күнді 100-ден астам ел атаулы күндер тізіміне енгізген.

Осыған  орай  Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында «Еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау: аумақтағы ахуал және өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы, бірқатар басқарманың кәсіподақ бірлестік жетекшілері мен мамандары, құқық қорғау органдары қызметкерлері, кәсіпорын мен мекеме өкілдері қатысты.

Өткен жылы елімізде 203 адам жұмыста жүріп жазатайым қаза болған, ал облыста 9 адам. Дөңгелек үстелге жиналғандар оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары бұл атаулы күннің маңызына тоқталып, еңбек қауіпсіздігін сақтауға шақырды.

– Халықаралық еңбекті қорғау ұйымының мәліметінше әлемде күн сайын жұмыс орнында 5-6 мың адам дүниеден озады. Бұл көрсеткіш жыл сайын шамамен 10 пайызға артып келеді. Жұмыс берушінің өндірістік қауіпсіздік ережелерін толық сақтамай өндіріс шығындарын үнемдеу үшін жасаған іс-әрекеттерінің кесірінен жазатайым оқиғалар жиі кездесуде. Үкімет тарапынан кәсіподақтардың жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Елімізде қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Аталған құжатты жүзеге асыру нәтижесінде өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккендер санын мың жұмысшыға шаққанда 0,24 пайызға дейін төмендету көзделген.  Біздің әрқайсысымыз жұмыс орнында қауіпсіздікті сақтауға өз үлесімізді қоса аламыз. Жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, жұмысшылар ережелерді сақтауға, өздерін және әріптестерін негізсіз тәуекелге ұшыратпауға, өз құқықтарын білуге тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов баяндама жасады. Оның айтуынша, бұл күн жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің назарын өзекті мәселелерге аудартуға, оларды шешу жолында тиімді ұсыныстар қабылдауға бағытталған. 

–      1993 жылдан бастап еліміз – Халықаралық еңбекті қорғау ұйымының мүшесі. Қазақстан кәсіподақ федерациясының деректеріне қарағанда, жыл сайын 1300-ден астам жұмысшы өндірістік жарақат алады. Елімізде зиянды және қауіпті еңбек жағдайында 370 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде шу мен діріл қуаты жоғары жағдайда 45,9 пайыз, жоғары газды қысымда 32,6 пайыз адам жұмыс істейді. Арнайы жүргізілген сауалнамаға қатысқан 94 мыңға жуық адамның 5,6 пайызы ауыр дене еңбегімен айналысатынын айтқан. Сонымен қатар өткен жылы еліміз бойынша 676 мың жұмыскерге зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 128 млрд теңге өтемақы төленген, – деді. Одан кейін облыстық кәсіподақ орталығының атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы жоспарларын бөлісті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар еркін пікір алмасып, саладағы мәселелерді талқылады. Жұмыста белсенді еңбек еткен кәсіподақ ұйымының жетекшілері облыс әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<