«GEPETTO»     мұнай компаниясы өкілдерімен кездесті

421

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген «Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясы АҚ директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Цзэн Биньмен кездесті.

Басқосу барысында Цзэн Бинь өңір игілігіне бағытталған жоспарлы жобалары туралы баяндап, бірлескен жұмысты бастауға ниетті екенін жеткізді.

«Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясы» АҚ – мұнай және газ кен орындарының дебитін ұлғайту технологияларын әзірлейтін маманданған кәсіпорын. Жыл сайын 1500-ден астам ұңғымаға қызмет көрсетіледі, ал өндіру көлемінің жылдық өсімі 30%-дан кем емес. Нақты кезеңде компания басшылығы Қызылорда облысында филиал ашуды, Қазақстанның мұнай өндіруші өңірлерінде, яғни Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында мұнай-сервистік қызметтер көрсетуді жоспарлап отыр.

Өз кезегінде компания аймақта жоғары технологиялық әдістерді қолдану есебінен «Оңтүстік Торғай» бассейнінің сарқылған кен орындарында мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды мақсат етті.

Цзэн Бинь Сыр өңірінде мұнай және газ кен орындарында қолданылатын химиялық реагенттер шығаратын зауыт салу жоспары бар екенін де мәлімдеді. Ортақ жобалар нәтижесінде алғашқы кезде өңірде жаңа 100-ге жуық жұмыс орны құрылмақ. Бұған қоса, мүдделі тарап жергілікті жоғары оқу орындарымен мамандарды даярлау бағытында да бірлескен жұмыстарға ықпал жасауды сұрады. 

Кездесу соңында облыс әкімі айтылған мәселелердің шешімін бірлесіп қолға алуға ниетті екенін, зауыт салуға қажетті жұмыстарға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<