Ғасырлық ғұмыр ғибраты

1007

0

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің алыбы, есімі аңызға айналған қалам иесі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы Қазақстан Халық партиясымен бірлесіп, «Өмір шындығына адалдық» атты әдеби кеш ұйымдастырды.

Ә.Нұрпейісовтің тұңғыш романы «Курляндия» 1950 жылы жарияланып, кейіннен «Күткен күн» деген атаумен жаңа нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, «Сең», «Соңғы парыз» роман-дилогиясының, «Толғау» атты сыни еңбектің, сондай-ақ, көптеген көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы – «Қан мен тер» трилогиясы («Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу») алғаш 1970 жылы жарық көрген.

Әдеби кештің шымылдығын ашқан қалалық Жастар театрының актерлері «Әбдіжәміл әлемі» атты пролог оқып, қаламгер шығармаларының басты кейіпкерлерін бүгінгі уақыт тұрғысынан сөйлетіп, автор рухына тағзым етті.

Кешке қоғам қайраткері, ардагер С.Әбішев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Б.Ұзақбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қ.Есімсейітова, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Н.Рахмет, ҚХП ҚБ Орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Н.Оразханов, бөлім басшысының  орынбасары А.Дүкенбаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Г.Баялиева, осы университеттің аға оқытушысы Т.Телеубаев, жергілікті БАҚ өкілдері, Жастар театры өнерпаздары, ЖОО студенттері қатысты.

Кеш қонақтары қазақ көркем әдебиетін күллі әлемге танытқан әдебиет алыбы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы туралы айтып, оқырманға кең танылған, әлемге әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы, сонымен қатар, туған топырағына, тағдырлы Арал теңізіне деген перзенттік махаббатының куәсіндей «Соңғы парыз»  романын тарқата баяндап, қатысушыларға ой салды. Ғасырға таяу ғұмыр кешкен қаламгердің ғибратты өмір жолынан естеліктер айтылып, жас ұрпақ жадында әдемі әсер қалдырғаны байқалды.

Іс-шара аясында оқырман назарына «Әбдіжәміл Нұрпейісов – заманымыздың заңғар жазушысы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды.

Келесі күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Қазақстан Халық партиясы Орталық аппаратының ұйымдастыруымен «Теңдесі жоқ кемеңгер жазушы» атты конференция өтті. Жиынды ҚХП  Орталық аппараты бөлім басшысы Нұрдаулет Оразханов ашып, күн тәртібіне сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, зиялы қауым өкілдері қаламгер шығармашылығы туралы кеңінен баяндап, пікірлерін білдірді.

Екі күнгі жиын барысында белсенді қатысушыларға ҚХП атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<