Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, облыс әкімі: «Инвестициялық жобалар бойынша жұмысты ширату керек»

921

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Жобаларды индустрияландыру және өңірлер кәсіпкерлігін қолдау карталарына енгізу жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев пен аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев және бірқатар басқарма басшылары мен селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

Кеңес отырысында 2 мәселе қаралды. Алдымен ҚР Индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуы мен алдағы міндеттер туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев баяндады.

Индустриялық жобалар арқылы өндірілген өнім көлемі осы жолдың 11 айында 46%-ке, экспорт көлемі 58%-ке өскен. Экспортқа шығарылған 5 түрлі өнімнің географиясы 10-нан аса шет елді қамтып, ҚХР, РФ, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан, Дания, Ұлыбритания, Польша, Әзербайжанға сатылуда. Бағдарламаның ІІІ бесжылдығы аясында облыста құны 543 млрд  теңгеден асатын 46 жобаны жүзеге асыру арқылы 7400 жұмыс орны құрылмақ. Бағдарламаның ерекшелігі – әрбір жобаға жоба бастамашысының сұранысына сәйкес мемлекеттік қолдау шарасы көрсетіледі.

Жиында облыс әкімі инвесторлар тарту, инвестициялық жобаларды орындау мәселесіне қатысты қала, аудан әкімдерінің есебін жеке-жеке тыңдап, жұмыстарын саралады. Бұл ретте өңір басшысы жаңа өндірістерді дамыту ісінде жұмысты әлі де жандандыру қажеттігін, өзге тәжірибелерді сынап көру керек екендігін ескертті. Әсіресе, керамзит өндірісі, кен орындарын игеру, құс фабрикасын аяқтау, балық өндеу, испан цехын іске қосу сынды маңызды жобаларды уақытылы аяқтауды қатаң тапсырды.

– Әрбір аудан әкімі туған жеріне қызмет етуге даяр азаматтарды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, инвестициялық жобаларды көптеп іске асыруда жұмысты ширату керек. Себебі әрбір жобаның артында жаңа жұмыс орындары тұрады.  Бұл ретте балама жобаларды қарастырып, мүмкіндіктерді іздеу керек. Қазіргі дағдарыс заманында жылдам әрекет жасай алатын өңір ғана кризистен шыға алады. Сондықтан әрбір жоба бойынша кесте құрып, инвесторларды тарту жұмыстарын әлі де күшейту қажет, – деді облыс әкімі.

Бірінші мәселені қорытындылаған аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесе отырып келер жылға өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына жаңа жобалар енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, жиын барысында «Қызылорда Агроплюс» серіктестігіне томат зауытын орналастыру үшін 30 гектар жер телімін бөлу туралы шешім қабылданды. Ендігі кезекте «Қызылорда Агроплюс» ЖШС директоры Серғазы Исембаев 2022 жылы зауыттың жобалау және егін егуге жерді даярлау жұмыстарын аяқтап, 2023 жылы томат пастасын өңдейтін зауыт құрылысы басталуы қажет.

Кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<