Халыққа қызмет етуде энергетика саласы мамандарының үлесі зор

1212

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетиктер күніне орай мамандармен кездесіп, сала үздіктеріне құрмет көрсетті.

Басқосуда аймақ басшысы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, энергетика саласының қызметкерлері ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Баршаңызды ел болып атап өткен ең басты ұлық мерекеміз –Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Экономиканың өзекті саласының бірі – энергетика саласы күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлігіне айналып, дамып келеді.

Тәуелсіздік алғалы облыс көлемінде 1000 шақырымға жуық электр желілері салынып, 300-ден аса қосалқы стансалар орнатылды. Бұл өз кезегінде, халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осының арқасында аймағымыздың экономикасы да қарқынды дамып келеді. Облыста жалпы қуаты 88 мегаватты құрайтын күн электр станциялары тұрақты жұмыс жасауда.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің оңтүстігіндегі энергетикалық қуаттарды арттыру мақсатында Қызылорда облысында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын бу-газ қондырғысын салу жобасын инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарлануда, – деді Г.Әбдіқалықова.

Жиында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі, «Интергаз Орталық Азия» «Қызылорда» филиалының бөлім басшысы Қайрат Дәрібаев ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі, Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Мадина Алтынбасова ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» электр энергиясын тартып алу және тарату бөлімінің бастығы Дина Шоқбарова мен «Қызылорда жылу электрорталығының» электроцех бастығының орынбасары Еспай Дауылбайұлына Қазақстан энергетикалық қауымдастығының «Еңбек сіңген энергетигі» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар «Қызылорда жылу электрорталығының» дәнекерлеушісі Леонид Лобачев пен «Қызылорда газ тарату жүйесінің» Жалағаш кентіндегі участке орынбасары Сәбит Жанашев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Басқосуда барша энергетика саласының мамандары атынан «Қазақстандық энергетикалық ассосациясы» директорлар кеңесінің төрағасы Жомарт Көшербаев сөз алып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<