Иммундық плазма дайындау жұмыстары жүруде

108

0

Ағзада вирус бар ма әлде жоқ па, бұл туралы қалай білуге болады? Егер де осы сұрақ мазаласа, кез келген қызылордалық облыстық қан орталығына барып, тест тапсыру арқылы оған жауап ала алады. Мекемеге жақында жүзге жуық тест сынамалары жеткізіліпті, енді оның көмегімен антидененің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік мол.

– Біз бір сағат ішінде қандағы антиденелердің бар-жоғын анықтауға болатын тест сынамаларын сатып алдық. Азаматтар бізге хабарласып, кез келген уақытта қан тапсыра алады. Қызмет ақылы, – деп атап өтті мекеме басшысы Серік Игембаев.

Сондай-ақ, COVID-19-ға қарсы иммунитеті қалыптасқан адамдар ақылы негізде иммундық плазмасын сақтауға тапсыра алады. Болашақта  вирусты қайта жұқтырған жағдайда, олар оны қайта пайдалана алады. Плазманы сақтау мерзімі – үш жыл. Бұған дейін біз орталық мамандарының коронавируспен ауырған адамдардың қанынан алатын иммундық плазманы да­йындау жұмыстарын бастағанын хабарлаған едік. Қазір мұнда күн сайын осы компонент дайындалады, қажетті қор жасақталған екен.

– Иммундық плазманы дайындау барысында біз COVID-19-бен орташа және ауыр дәрежеде ауырып, ауруханада ем қабылдаған адамдардың қанын қолданамыз. Олар толық тексеруден өтеді, егер қан қолайлы болса, антиденелердің қажетті мөлшерімен иммундық плазманы дайындаймыз. Содан кейін бұл компонент ауыр дәрежедегі науқастарға қолданылады. Антиденеге бай плазма тезірек аяққа тұруға сеп, – дейді мекеме басшысы.

Айта кету керек, бұл әдіс көптеген елдерде кеңінен қолданысқа енуде және өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда біздің өңірде де COVID-19-ға шылдыққан 5 науқасқа иммундық плазма құйылған. Қан орталығының мамандары қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты донорлар саны азайғанын алға тартып отыр. Сондықтан тұрғындардың бейжай қалмауын, орталыққа келіп, қан тапсыруды сұрайды. Себебі, қан мен оның компоненттерін үнемі құюды қажет ететін науқас көп, оларға өмір сыйлау маңызды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз