Экономика табиғаты әдемі сөздерді қаламайды ол нақты нәтижелерге сүйенеді

237

0

Бұл бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Кеңес әлемі кезінде әр республика өзінің табысына сүйеніп, жетпегенін орталықтан дотация есебінде алып өмір сүріп келді. Өйткені, тұтас алып империяның экономика саясаты осы тәртіпке сүйенген еді.

Біз қазір әкімдерді тағайындаймыз, артынша келгені, кеткені бар оны қызметін өзімізше бағалап жатамыз. Біреулер бәлкім қаланы тазарту бойынша керемет іс тындырған сыңайлы. Керек әрине. Бірақ осының барлығы қазіргі  уақытта соншалықты маңызды емес. Мен айтар едім, бізге ең керегі – экономика. Егер Қызылорда облысының барлық өңірлері тапқан 100 теңге қаржысының 75-80 теңгесін республика бюджетінен алатын болса, бұл жақсылықтың белгісі емес. Әкімдердің қызметін бағалағанда, біз, әлбетте, осы тұрғыдан келуіміз керек. Егер жұртшылыққа есеп беріп, әдемі сөздердің майын тамызып, айтуға үйірсек болсақ, мұның соңы сәл дөрекілеу айтқанда құрдымға кетумен бірдей. Қазір барлық деңгейде осылай болып жатыр. Талдау, есеп жүргізу, қай салада кім не тындырды? Аудан әкімдерін тағайындағанда біз осындай сауалдарға жауап алуымыз керек. Бұл принцпті мәселе. Айталық, үш жылда әкім не істеді, не тындырды? Жергілікті бюджеттің кірісі мынадай сома еді, ол мына деңгейге өсті. Ненің есебінен? Орталық бюджеттің ықпалы ма, әлде әкімнің жеке табандылығының нәтижесі ме?

Тағы бір мәселе. Белгілі бір өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес не нәтиже берді? Қанша адам осы тұрғыда жазаға тартылды? Себебі мәселенің маңыздылығы сонша, аудан әкімдерінің әділ, таза болуы осы сауалдардың жауабына байланысты. Қандай әкім өңірдің өркендеуіне сырттан қандай инвестор тартты? Егер Қызылорданың деңгейі, шикізат әлеуеті мықты екені рас болса, әкімдердің тындыратын ісі шаш етектен. Ал инвестиция қосымша қаржы көзі. Міне осының аражігін айқындап алғанда ғана әкімдердің жұмысына нақты баға беруге болады.

Қазір қоғамдық пікірде жоғары қызметке кездейсоқ адамдардың тағайындалуы туралы көп айтылуда. Егер жоғарыда біз айтқан талаптардан жаңадан тағайындалған әкімдер шығатын болса, олардың қызметке бекер тағайындалмағаны. Дәл қазір олай емес, егер қаласаңыз менің жәй ғана сараптауым бойынша облыс аудандарының  әкімдігіне «лайықты» деген кандидатураларды жүздеп келтіруге болады. Қысқаша айтқанда бізге номенклатура сатысынан әйтеуір қызмет үшін өткен кез келген адамды зейнет жасына дейін қайта-қайта әкімдікке тағайындау үрдісінен арылатын уақыт жетті. Бізге жаңашыл ойлайтын, батыл әкімдер қажет!

Жолдасбек Ақсақалов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз