Энергетика – экономиканың күретамыры

595

0

Сенбі күні ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жұмыс сапарымен Сыр еліне келді.  Облыс әкімдігінде министрдің қатысуымен мұнай-газ саласын дамыту мәселесіне арналған жиын өтті. Оған орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, мұнай өндіруші және сервистік компания мен коммуналдық кәсіпорындар  жетекшілері қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мұнай сервис саласындағы жұмыстар мен қызметтердің тарифтері және саладағы өзекті мәселелер туралы мәлімдеді.

Мұнай-газ: пысықталатын мәселе көп

– Аймақ экономикасының негізін мұнай-газ саласы құрайды. Дегенмен, қазіргі таңда белгілі себептерге байланысты бұл саланың дамуы төмендеуде. Ол өз кезегінде экономикалық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіруде. Облыста шешуді талап ететін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Атап айтқанда, облыс аумағында перспективалы және мұнайлы-газды үш шөгінді бассейн орналасқан. Қазіргі таңда екі бассейнде  геологиялық зерттеулер жүргізу мәселесі шешімін тапты. Бірақ Сырдария бассейні бойынша жобалық құжаттар дайындалғанымен, қаражат бөлу мәселесі шешілген жоқ.

Сондай-ақ,  мұнай өндіру көлемін арттыру үшін өндіру және барлау ұңғымаларының тереңдігін 3 мың метрден астам тереңдікке ұзарту қажет. Бұл шаралар өндірілетін мұнай көлемін 1,5 есеге, ал жобалық мұнай беруді шамамен 50%-ке арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сонымен бірге мұнай экспортына квотаны ұлғайтуды және мұнай-сервистік компаниялардың қызмет бағаларын индекстеуді ұсынды. Оған қоса аймақтағы уран өндіретін «РУ-6» ЖШС-ның келісім-шартын ұзарту қажеттігін айтты.

–    Қазақстан 2014 жылы Ресей мұнайынан бас тартқаннан облыстың жер қойнауын пайдаланушыларына ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша жүктеме артты. Сонымен қатар, «Кеңқияқ-Атырау» реверс жобасы іске қосылды. Алайда, біздің өңір үшін мұнай экспортына квотаның айтарлықтай өсуі байқалмайды. Оған қоса облыста мұнай-сервис саласындағы жұмыстар мен қызметтердің тарифтері республика бойынша ең төменгі деңгейде. Мысалға, Маңғыстау облысында 1 бригаданың сервистік қызмет көрсету тарифі сағатына 90 мың теңге, ал біздің өңірде 27 мың теңгені құрайды. Тарифтер іс жүзінде өзгерген жоқ және соңғы 10 жыл ішінде индекстелмеген. Ал «РУ-6» компаниясының уран кендерін өндіруге алған келісім-шартының қолданылу мерзімі биыл қараша айында аяқталуына байланысты 18 мың тонна уран қорының өндірілмей қалу қаупі бар. Бұл жағдай шамамен 2,5 мың жұмыс орнының қысқаруына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсер етеді,– деп нақтылай түсті облыс әкімі.

Жылу орталығы жаңаруы тиіс

Сондай-ақ, Нұрлыбек Машбекұлы  өңір үшін аса қажет жаңа жылу-электр орталығын салу және жаңасын салғанға дейін қолданыстағы тозығы жеткен когенерациялық электрстанцияны қайта жаңғырту туралы ұсыныс көтерді.

–    Аймақтағы жалғыз жылу-электр орталығының тозығы жеткендіктен, жаңа жылу-электр орталығын уақытылы салу маңызды мәселелердің бірі. Осыған байланысты тез арада инвестор тарту қажет. Оған қоса, жаңа жылу-электр орталығына газ  инфрақұрылымын жеткізу керек. Берілген техникалық шарт бойынша «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырының екінші желісі салынғаннан кейін газ алуға рұқсат берілген. Өткен жылы техникалық шартты өзгерту мәселесі Министрліктің деңгейінде көтерілгенімен, әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді. Жылу орталығы салынғанға дейін біз газды жүргізіп қоюымыз керек. Бұл мәселе де өзіңіздің қолдауыңызды қажет етеді. Жаңа жылу-электр орталығын салғанға дейін, қолданыстағы тозығы жеткен когенерациялық электрстанцияны (КОГТЭС) қайта жаңғырту қажет. Бүгінгі таңда орталықты жөндеуден өткізуге дайындық жұмыстары басталғанымен, қондырғы зауыттарының Украинада орналасқандығы өз кезегінде кедергі келтіруде. Осыған байланысты, инвестициялық келісімнің іске асыру мерзімін бір жылға ұзарту қажеттігі көрініп тұр, – деді облыс басшысы.

Өз кезегінде министр облыс әкімі көтерген мәселелердің өзекті екенін айтып, оларды шешуде тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.

– Қызылорда облысы – мұнай өндіру көлемі бойынша 5-ші  аймақ. Елдегі жалпы мұнай өндірудің  6,14 проценті осы өңірге тиесілі.  Мұнай өндіруді 14 компания жүзеге асырады. Сіз көтеріп отырған мәселелер өте өзекті, – деген министр жылу-электр орталығын салу мәселесінде оң шешім қабылданатынын жеткізді.

Мәжілісте сонымен қатар министрліктің өзге де өкілдері сөз алып, жоғарыда айтылған мәселелер бойынша жағдайды баяндады. Атап айтқанда, газ қондырғысын орнату және қолданыстағы жылу орталығын жаңғырту бойынша ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, мұнай экспортына қатысты министрліктің мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Самат Мергеновтың хабарламасы тыңдалды. Сонымен бірге мұнай өндіру динамикасы және әлеуетті кен орындары туралы министрліктің жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Ақжол Оспанов хабарлама жасады. Мұнан бөлек, жергілікті компания өкілдері мұнай өндіру секторындағы қызметкерлерді жұмыспен қамтуда іс-шаралар қабылдау және өңірде газ өндіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын құру туралы ұсыныстарын жеткізді.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Достық үйінде» аймақ тұрғындарымен кездесті. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жүргізіп отырды.

Теңгерімсіздікті жою жалғасады

Ж

оғарыда атап өткеніміздей, елімізде Қызылорда облысы мұнай өндіру жөнінен алғашқы бестікке кіреді. Бұл жұмысты «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз», «Торғай Петролеум»,  «ҚазГерМұнай» және өзге де іргелі 14 компания жүзеге асырады. Былтыр 4,3 млн тонна «қара алтын» өндірілсе, биыл 4 айда 1,4 млн тоннаны құрады.

– Облыста кен орындарының басым бөлігі игерудің соңғы сатысында тұр. Мұнай өндіру ісі жыл сайын табиғи түрде азайды. Ол 2015 жылдан бастап 2 есе төмендеген. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай экспортының үлесін арттыру мәселесі толғандырады. Осы мақсатта былтыр «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры реверсінің жобасы іске асырылды. Оны іске асыру Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын Батыс Қазақстан мұнайымен (Атырау, Маңғыстау облыстары) сенімді жүктеуді қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ, Қызылорда облысының мұнай өндіруші компаниялары үшін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Реверс іске қосылған сәттен бастап Атырау және Маңғыстау облыстарының жер қойнауын пайдаланушылары үшін ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша жүктеме шамамен 10-15 процентке артты, – деп атап өтті министр.

Министрлік ішкі нарыққа мұнай жеткізу бойынша теңгерімсіздікті жою жұмысын одан әрі жалғастырады. Бүгінгі таңда елімізде өндірілетін мұнай қоры шамамен 100 млн тонна. Мемлекеттік теңгерімдегі алынатын газ қорлары (еркін газ және газ бүркемесіндегі газ) шамамен 31 млрд текше метрге жетті. Биыл 21 сәуірде Қазақстанда 40 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион жарияланды. Оның 2-еуі – Қызылорда облысында орналасқан «Ащысай Шығыс» және «Арал-4» учаскелері.

Газ жеткізу және бүгінгі нарық

Өңірге газдың шамамен 70 проценті батыс өңірлердің кен орындарынан жеткізіледі. Сондықтан оны сатып алу мен тасымалдауды есепке алғанда облыс үшін газдың көтерме сауда бағасының өзіндік құны мың текше метр үшін 19 105 теңге. Қазіргі таңда аймақта газбен қамтылу жөнінен аудандар бойынша Қазалы 58,  Шиелі  56,4 процентпен көш бастап келеді.

– Бұл ретте министрлік тарапынан бекітілген газдың шекті көтерме сауда бағасы – 8 358 теңге. Өзіндік құн мен бекітілген көтерме сауда бағасы арасындағы айырманы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор субсидиялайды. Қазірге дейін өңірді газдандыру деңгейі 66,5 процентке жетті. Ол шамамен 550,8 мың адамды құрайды. Газбен жабдықтау жөніндегі жобаларды іске асыру жергілікті және республикалық бюджет арқылы орындалуда. Сондай-ақ, бұл іске «ҚазақГаз» компаниясы да қолдау көрсетіп келеді, – деді министр.

Оның айтуынша, былтыр Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында 4 жобаны жүзеге асыруға 2,8 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысында Қазалы қаласы, Жалағаш кенті және Шиелі ауданындағы Бекежанов ауылында тұрғындар «көгілдір отынға» қол жеткізді. Ол шамамен 24 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Биыл жалғасып жатқан газдандыру бойынша 1 және жаңа 6 жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлу көзделген. Оның ішінде осы жылы Бірлік және Қыраш елді мекендеріне газ жеткізуге арналған жоба аяқталуда. Ал Қармақшы ауданындағы Төретам және Ақай елді мекендерін, сондай-ақ Сексеуіл, Махамбет және Наурыз кенттерін газдандыру жобалары 2023 жылға ауысады.

– Ендігі кезекте сұйытылған мұнай газының нарықтағы жағдайына тоқтала кетейін. Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мемлекеттік реттеуді белгілеп, сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекітті. Соған сәйкес сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литрге 60 теңгені құрады. Өңірде 19 газ желісі ұйымы және 151 автогаз құю станциясы бар. Былтыр сұйытылған мұнай газын тұтыну 90 мың тоннаны құрады. Жыл басынан бері ол шамамен 25 мың тоннаға жетті. Біз ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге назар аударып отырмыз. Бағалардың алыпсатарлық ауытқуына жол бермей, сұйытылған мұнай газы нарығын да реформалау бойынша шаралар қабылдануда. Осы бағытта өндіруші зауыттар белгілеген бөлшек сауда бағасына сүйене отырып, сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағаларын айқындау жөніндегі әдістеме әзірленбек. Ол түсімді зауыттар мен сатушылар арасында әділ бөлуге мүмкіндік береді, – деді министр.

Жарық және жаңа жобалар

Аймақта электр энергетикасы саласында да ауқымды жұмыстар бар. Қаладағы жылу-электр орталықтары энергия өндіреді. Былтыр облыс пен Қызылорда қаласының ішкі тұтыну көлемі 2,2 млрд кВт сағат болса, «Қызылордажылуэлектрорталығынан» өндірілгені 1,5 млрд кВт сағатты құрады.

Энергетика министрлігі «Қызылордажылуэлектрорталығы» үшін электр энергиясын өндірудің шекті тарифін кВт сағатына 11,58 теңге деңгейінде бекітті. Ал жаңартылатын энергия көздері үстемесін есепке алғанда, босату бағасы кВт сағатына 13,13 теңгеге жетті.   «Қызылорда» өңірлік электр желілік компаниясы активтерінде 10 056 шақырым кабель және әуе электр беру желісі бар. Бұған қоса, кәсіпорын теңгерімінде 1 837 кіші станция бар. Электр желілік шаруашылықтың физикалық тозуы 69 процентті құрайды.

Қызылорда қаласының тұрғындары үшін «Энергосервис» ұйымы электр энергиясының кепілді жеткізушісі саналады. Ал облыс бойынша мұндай қызметті  «Шиелі Жарығы» және «Дәулетэнерго» ұйымдары атқарады.

– Кейінгі 3 жылдағы жылу-электр орталықтарын жөндеуге байланысты талдау жүргізгенде бұл мақсатта қаржы біркелкі бөлінбейтіні анықталды. Мысалы, 2019 жылы «Қызылордажылуэлектрорталығында» негізгі жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Ол 2020 жылы 1,4 млрд теңгені шамаласа, былтыр қаржы көлемі 50 процентке төмендеді. 2019-2021 жылдары 5 қазандық және 3 газ турбиналық қондырғы жөнделді. Облыстағы энергетикалық кәсіпорындардың жұмысына әсер ететін мынадай проблемалық мәселелер бар: негізгі жабдықтың тозуы, материалдар мен жабдықтар құнының қымбаттауы, материалдар және жинақтауыштармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі. Бұл «Қызылорда өңірлік электр желілік компаниясының» электр желілерін жөндеуді уақытылы аяқтау тәуекеліне алып келеді. Салдарынан электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар көрініс беріп отыр, – деді Болат Оралұлы.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында жиынтық қуаты 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Министрлік жыл сайын жаңартылатын энергия көздері жобасын іріктеу бойынша аукциондар өткізеді. Мәселен, 2022 жылғы аукциондық сауда-саттыққа Жаңақорған, Шиелі және Арал аудандарында 20 МВт-дан күн электр станциясының 3 лоты жоспарланды.

Сондай-ақ биылғы жылға арналған аукциондық сауда-саттықты өткізудің бекітілген тізбесіне сәйкес шілде айында облыста қуаттылығы 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы инвесторларды іріктеу қолға алынып отыр. Жобаны іске асырудың болжамды құны – 215,1 млрд теңге. Ол 2025 жылға дейін пайдалануға берілмек. Осы жобаны іске асыру 700 млн кВт көлеміндегі энергияға тапшылықты жабуға мүмкіндік береді, – деді министр.

Бұдан кейін министр тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Онда халық тұтынатын газ бағасының арзандауы, электр желілерін тарату мекемесінде еңбек ететін монтерлердің жалақы аздығы сөз болды.

Сондай-ақ, қалаға қарасты Ж.Махамбетов және «Наурыз» елді-мекені тұрғындары тарапынан электр есептегіш құралдардың бағана басына орналасуы, бұл ретте тұтынған жарыққа төлем құнының беймәлім күйде қымбат бағаға шығып жүргені айтылды. Тұрғындар өтінішіне орай Б.Ақшолақов тиісті мекеме басшылары мәселенің оң шешімін шығаруды міндеттеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<