Эпидахуал күн санап күрделенуде

813

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың қатысуымен брифинг өтті. Онда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова аймақтағы эпидахуал туралы баяндады.

Кешегі күнге дейін облыста коронавирус жұқтырудың 7977 жағдайы тіркелді. Эпидахуал күн санап күрделенуде. Соңғы тәулікте 110 дерек анықталып, жыл басынан бері ең жоғары деңгей – антирекордтық көрсеткішке жет­ті. Кейінгі аптада 492 жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда 1,5 есе көп.

– Аймақта эпидахуал «Дельта» штамы таралу жылдамдығына байланысты күн сайын өршуде. Облыс «қызыл аймақта». Жаңа штамм балалар арасында көп тіркеле бастады. Өткен тәулікте анықталған 110 жағдайдың 20-сы – 14 жасқа дейінгі балалар. Нәрестелер, балалар арасында симптомды түрлерінің анықталуы дәрігерлерді алаңдатып отыр. Іш ауырып, тәбеттің төмендеуі, құсу және жүректің айнуы – үнді штамының белгілері. Сондықтан алғашқы симптомдар байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну керек. Бұған дейінгі штамдар көп жағдайда симптомсыз өткен еді. Үнді мутациясының ерекшелігі ауыр клиникалық белгілер байқалуда. Кейінгі 110 жағдайдың 75%-і ауру белгілерімен тіркелді. Індетке шалдығу деректерінің басым жағдайлары екпе алмаған адамдар арасынан анықталуда, – деді Д.Жаңабергенова.

Эпидемиологиялық талдау вирустың жасарып бара жатқанын көрсетіп отыр. Соңғы айларда 30-40 жас аралығындағы науқастар көп түскен. Вирустың әрі қарай мутациялануына жол бермей, эпидахуалды тұрақтандырудың тиімді тәсілі – вакциналау. Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов шілде айына дейін екпенің бірінші компонентін аймақ халқының 49,5 %-і, екінші компонентін 27,6 %-і алғанын айтып, екпеге салғырт қарамауға шақырды.

– Стационарларда шілденің басында 585 төсек-орын ұйымдастырылып, бір апта өткен соң олардың саны 760-қа жеткізілді. Бүгінге инфекциялық стационарларда 499 науқас ем алуда, жүктемесі 66 процент. Осыған сәйкес, бүгіннен бастап 930 төсек-орынға көбейтеміз. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ, 2 айға жетерлік қор жасақталған. Індет күшейген жағдайда инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев аймақта 160 мониторинг тобы құрылғанын айтты. Шілде айының басынан олар карантин, шектеу шаралары тәртібін бұзудың 45 дерегін анықтаған. Бұл жұмыстар жалғасатын болады.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары ауруды азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 70 проценті вакциналаудан өтуі қажетін атап өтті.

– Індеттің таралуы ұжым­дастар арасында, отбасылық іс-шаралар мен көпшілік жиналған орындардан байқалуда. Кейінгі кездегі науқастардың көбісінің қайдан жұқтырғанын анықтау қиынға түсуде. Кез келген адам­нан жұғу ықтималдығы жоғары. Вакцинамен барынша көп адамды қамту пандемияны жеңуге және карантинсіз қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Ол үшін әрқайсыңыздан карантин талаптарын қатаң сақтап, жеке қауіпсіздікке аса мән берулеріңізді сұраймын. Жағдай күрделі болғанымен, біздің жүйелі бақы­лауымызда. Жұмыс үзіліссіз жалғаса береді, – деді Балжан Шәменова.

Айта кетейік, облыстағы эпидахуалды тұрақтандыру мақ­сатында №18 қаулы шығып, бірқатар шектеу шаралары қабыл­данған. Атап айтқанда, ойын-сауық, бұқаралық, отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды, үйде және адам көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге, облысаралық, қалааралық туристік тасымалдарға, сауда орын­да­ры­ның, сұлулық салондары мен спорт кешендерінің жұмыстарына шек­теулер енгізілді. Қызмет көр­сетуші салалар қызметкерлерін вак­циналау міндеті қойылды. Шектеулер әр азамат тарапынан жауапкершілікпен жүзеге асы­рылуы керек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<