«Кадрлық резерв»: Қандай мамандар қажет?

1692

0

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 90 мыңға жуық адам мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Соның ішінде облыста 3 мыңнан аса мемлекеттік қызметші бар. Оның әрбір төртіншісі – 29 жасқа дейінгі жас маман. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірер жыл бұрын елді дамытуда жастардың қозғаушы әрі шешуші күшке ие екенін айтып, «Президенттің кадрлық резервін» жасақтауды тапсырған болатын. Бұл бастаманың маңызды тұсы да салада жастардың үлесін арттыру. Ендеше, оның бүгінгі аяқалысы қандай?

Тәуелсіз ел атанғаннан кейін жаңа қарқын қажет болғаны түсінікті. Сан салада серпінді дамуға күш салынды және ол мемлекеттік қызмет саласын айналып өткен жоқ. Оған қоса Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты Жолдауында «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – мемлекеттік орган қызметінің негізгі басымдықтары» деп саланы түбегейлі болмаса да, кезең-кезеңімен өзгерту қажеттігін айтты. Ал, ол мемлекеттік аппарат жұмысы мен мемлекеттік қызмет беделін жақсартуға ықпал етуге қабілетті, қоғам сұранысына жауап бере алатын жас мамандарды көптеп тартуға сеп болды. Сол тұста «Президенттің кадрлық резерві» қабылданып, оған білімі мен білігі, ұшқыр ойы қалыптасқан, қиындықтан алып шыға алатын, сыни тұрғыда ойлайтын жастар іріктеле бастады. Бастысы, резервке ауылдық жерден шыққан мамандарды тарту назардан тыс қалған жоқ.

Саясаткерлер бұған қатысты «Шетел асып, «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келгендердің де жұмыс таппай, талай жердің табалдырығын тоздырғаны кездеседі. Лайық болмаса да, қызметке жайғасқандардың бары жасырын емес. Енді резервке кез келген жас ілігетін болды. Оның ішінде ауылдан шыққан жастың басқарушылық істе, мемлекеттік қызметте пайдасы тиері анық» деген пікірді алға тартты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова да жас менеджерлердің әлеуетін пайдаланып, мемлекеттік аппарат жұмысын сапалы түрде жаңа деңгейге көтеруге болатынын айтты. Ол бұған дейін экономистер мен білікті IT-мамандар барлық салаға қажеттігін, тіпті сот жүйесінде киберқылмысты ашатын маман керегін еске салды. Сондықтан да жаңа технологияларға байланысты экономика секторынан мамандар көбірек іріктеледі деген болжам бар. Бастысы, мұндай тәжірибе әлем елдерінде нәтиже берген. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов оның Ресейде, Кореяда және АҚШ-та қолданылатынын айтады. Ол «Кадрлық резерв білікті жастардың келуіне жол ашты. Президенттің де көздегені осы» деген ойымен бөлісті.

Кадрлық резерв білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыруды және жастар үшін әлеуметтік сатының ұтымды жүйесін құруды көздейді. Бұл – жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруына бірегей мүмкіндік. Жоғары әкімшілік және саяси лауазым босаған жағдайда резервке іріктелген осы жастардың кандидатурасы қаралады. Десе де, олар резервте тұрған кезеңде міндетті түрде басшылық қызметке тағайындалады дегенді білдірмейді. Олар Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен филиалдарында кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтен өтеді. Бұл бастамаға алғашында 13 мыңнан аса қазақстандық қатысуға ниет танытты. Ұлттық комиссия кандидатураларды қарап, 300 жасты таңдап алған болатын.

Биыл 1-30 қыркүйек аралығында кадрлық резервке құжат қабылдау басталды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады. Президенттің Жарлығымен белгіленген талаптарға сәйкес, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін ҚР азаматы қатыса алады. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Айта кету керек, биылғы іріктеудегі жаңашылдықтың бірі – үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейін растауы. Резерв кандидатында мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Қазтест немесе Qazaq Resmi Test сертификаты болуы шарт. Қазтест сынағынан офлайн форматта өту қажет болса, Qazaq Resmi Test-ті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн түрде тапсыра алады, – деді департамент басшысы.

Осы талаптарға сай келген кандидат қазан-желтоқсан айында өткізілетін кезеңдік іріктеуден өтеді. Сондықтан мүмкіндікті қалт жібермеуім қажет десеңіз, алдымен pkrezerv.gov.kz сайты арқылы өтініш беріп, құжаттарды жүктеуіңіз қажет. Содан соң әрбір қатысушы конкурстың мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланатын бірінші кезеңіне өтеді. Қарапайым бағалау әдісімен ең жоғары балл жинаған үміткерлердің 50%-ы сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін растау үшін сандық тест тапсырады. Келесі кезеңде осы қабілеттер верификациялаудан өткізіледі, оған жоғары нәтиже көрсеткен 1000 кандидат қатыса алады. Осы үміткерлердің тең жартысы ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңіне өткізіледі. Ал, ассессмент орталығы 250 адамның құзыретін бағалайды. Бұл кезеңнің қорытындысымен құзыреттілік сұхбатына 125 үміткер жіберіледі. Сараптамалық комиссиямен сұхбатқа 100 адам өтеді. Әрі қарай Ұлттық комиссияның отырысы болады, онда 65 адамның кандидатурасы қаралады. Осылайша, оның тек 50-і кадрлық резервке енеді. Жақында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл үміткерлер үшін 13-25 қыркүйек аралығында академияның YouTube арнасында Qazaq Resmi Test-ке тегін дайындық курстары ұйымдастырылатынын хабарлады. Бұдан бөлек, ақылы курс қарастырылған. Оның ұзақтығы  36 сағат, құны 33 876 теңгені құрайды.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, тіркеу басталған сәттен бері 900-ден астам адам кадрлық резервтің іріктеуіне өтініш қалдырған. Қызылордадан 50-ге жуық жас қатысуға ынталы. АҚШ-та тұратын отандастарымыз да тіркелген. Бұл – «Тіреуі барлар ғана мемлекеттік қызметке келеді» деген қалыптасқан стеорип ескіргенінің белгісі. Оның үстіне Президент кешегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да«Уақыт өткізіп босқа отыратындар мен тапсырма орындаудан жалтаратындар қызметін босатуы керек. Біз қазір дамудың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып, жұмыс істеуге міндетті» деген еді. Тұлғасы тұнған тәлім Бауыржан Момышұлының да «Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда» деген нақыл сөзі бар. Шынында, жаһандану заманындағы жаңа сынақтардан сүрінбей өту үшін шапшаң қимылдау керек, сұраныс пен қажеттіліктерге жедел жауап бере алатын әмбебап мамандарды әзірлеу кезек күттірмейді.

Мөлдір СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<