Келелі мәселелер кеңесіп шешіледі

448

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.

Күн тәртібінде төрт, атап айтқанда, «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №72 шешіміне өзгерістер енгізу, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы, облыс бойынша іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы және «азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін немесе жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы» облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 21 қазандағы №474 шешіміне толықтыру енгізу мәселесі қаралды.

Сессияда  облыс әкімі депутаттарға Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауынан туындайтын міндеттер, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде  баяндады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Мемлекет басшысы әділетті қоғам орнатудың басты бағыты ретінде  елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мәселесіне айрықша тоқталып, 5 бағдарды нақтылап берді. Жолдауда экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу, инвестиция тарту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және цифрландыру, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыруға басымдық берілді, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сөз болды.

– Облыс бойынша 7 ай қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінің көлемінен басқа барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім қалыптасты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,4 пайызға, инвестициялар тарту – 11,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 6,1 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 4,7 пайызға және сауда көлемі 1,9 пайызға көбейді. Нәтижесінде тұрғындардың нақты табысы 116,1%-ды құрады, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыста газ қорының бекітілген көлемі 46,9 млрд текше метрді құрайды. Болжам бойынша тағы 140 млрд текше метр шамасында газ қоры бар. Мұнай қорының сарқылуы салдарынан оның орнын толтыру үшін сейсмикалық барлау жұмыстарымен бірге аймақта газ қорларын игеру жұмыстары Энергетика министрлігімен бірлесіп қолға алынуда.

– Экономиканы әртараптандыруға бағытталған Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл құны 7,8 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, 324 тонна балық өңдейтін цех  және 3500 тонна тауық етін қайта өңдеу бойынша құс фермасы. Индустрия саласына инвестиция тартуға, кіші және орта кәсіпкерлік белдеуін құруға мүмкіндік беретін ірі жобамыз, ол – шыны зауыты. Оның жанынан 8 ілеспе кәсіпорын кұратын боламыз. Бүгінде инвесторлар 3 жобаның жобалау жұмыстарын бастады, 5 жобаға инвестор іздестірілуде. Жақында ғана Арал ауданына іссапар аясында кварц құмын байыту тау-кен комбинатына барып, шыны зауытына қажетті өнім өндіру барысымен танысып қайттым. Алдағы уақытта өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін «Шыны зауыты» айналасында шыны кластерін, «Кальцийлендірілген сода» жобасы айналасында химия кластерін, «Шалқия» қорғасын-мырыш және «Баласауысқандық» ванадий кен орындарында кен байыту комбинаттарының құрылысын жүргізе отырып металлургия кластерін құруға толық мүмкіндігіміз бар. Бұл салалар дәстүрлі мұнай өндіру, күріш және тұз өндірісі салаларымен қатар экономиканың жаңа бағыты болмақ. Өздеріңізге белгілі, өткен айда облыс орталығынан 3 ірі нысан – Өнер орталығы, Неке сарайы, Қан орталығының құрылысы басталды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мемлекет басшысы Жолдауда елімізде отандық бизнестің дамуына тағы ерекше мән берді. Биыл экономиканың бұл секторын қаржылай қолдауға барлық көздерден 20 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде, тек 15,4 млрд теңге  банктер мен қаржы ұйымдары арқылы жеңілдікпен берілетін болса, 4,8 млрд теңге кәсіпкерлік бастамаларға қайтарымсыз негізде табысталуда.  Бүгінде қаржылай қолдау шаралары шағын және орта бизнестің 700-ден астам жобасына көрсетілді. Президент тапсырмасына сәйкес келер жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдауға жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие берудің тетігі іске қосылмақ. Осы орайда облыс әкімі кәсіппен айналысуға ынтасы бар жастарды, әсіресе, ауыл жастарын еңбекке тарту қажеттігін атап өтті.

– Президент бізге халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік тұрмысын арттыруды тапсырды.  31 тамыз күні Мемлекет басшысының қабылдауында болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде баяндадым. Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару мәселесі қойылып отыр. Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үй кезегіне 26 919 адам тіркелген. Өздеріңізге белгілі, «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында әлеуметтік жалдамалы тұрғын үйлер құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралмаған. Сондықтан, өңірдің тұрғын үй мәселесін кредиттік тұрғын үйлер құрылысы арқылы шешудеміз. Биыл «СПМК-70» тұрғын ауданынан 500 пәтерлі 10 тұрғын үйдің, сол жағалаудан үйлері апатты деп танылған тұрғындарға 50 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысын аяқтап, 550 отбасы немесе 2750 адам жаңа қонысқа ие болады деп жоспарлануда. Осы мақсатқа облигациялық қарыздар есебінен 5,4 млрд теңге, облыстық бюджет есебінен 2 млрд теңге қаржы бөлінді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл аймақта қосымша әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін облигациялық қарыздар есебінен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлығы 3,1 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару келісілді. Сонымен қатар, бүгінгі күні облыстық бюджет есебінен аймақтағы әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары кезек күттірмейтін бірқатар іс-шараларды қаржымен қамту міндеті тұр. Бұл ретте, осы нақтылауда облыстық бюджеттің әлеуметтік бағытын сақтай отырып, біріншіден, білім саласында мемлекеттік балабақшалардың қызметін үздіксіз ұйымдастыру мақсатында қызметкерлердің еңбекақысы мен коммуналдық шығындарына, екіншіден, мәдениет және спорт саласында мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды қаржыландыруға, үшіншіден, І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін маманның жалақысын төлеуге, техникалық  көмекші құралдарымен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету үшін Сіздерге ұсынылуда. Автомобиль жолдарын жөндеу, ауылдарды газбен жабдықтау бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырған бірқатар жобаларды облыстық бюджеттен қоса қаржыландыру бойынша міндеттемемізді орындадық. 2022-2023 жылдарға әлеуметтік сала нысандарының жылу маусымына алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуге қосымша қаржы қарастырылуда. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы әлеуметтік жағынан осал топтарды және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 60 пәтерлі тұрғын үй сатып алуға қаржы бағытталуда. Облыс аумағында қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету саласының қызметкерлеріне тұрғын үй төлеміне қаржы бөлінуде, – деп толықтырды облыс әкімі.

Сонымен қатар қоғамдық көлік мәселесіне де арнайы тоқталды. Қыркүйектің басында облыс орталығы 150 жаңа автобуспен толығады деп сүйіншілегенмен, көліктер әлі келген жоқ. Көліктер кешіккен сайын көпшілік те үміт үзіп,   әлеуметтік желілерде түрлі сыни пікірлер жиі айтылуда.  Сөйтсек мәселенің мәнісі мынада екен. Оны облыс әкімі депутаттар алдында айтып берді.

–    Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде қоғамдық көлік –  ең өзекті мәселенің бірі. 2013 жылы өздеріңіз білесіздер, СПК арқылы 112-дей автобус алынған. Қазір оның жартысынан көбісі істен шыққан. Сондықтан осы қызметке келгеннен бастап, өздеріңізбен ақылдасып, қыркүйекте сабақ басталғанда студенттер, оқушылар сабаққа қатынайтын уақытта осы мәселенің ушығатынын біліп, қаржы қарағанбыз. Ол бұрынғы жоба сияқты емес, Үкіметтің бағдарламасымен теңгемен несие алатын болып келісіп, алғашқы қаражатты компанияға беріп те қойдық. Ол – Қостанайдың ірі көлік компаниясы. Біз оларға көлікті 1 қыркүйекке дейін жеткізесіңдер деп талап қойғанбыз. Бірақ олар үлгере алмай жатыр. Себебі шекарада біршама мәселе туындаған. Олар қосалқы бөлшектерінің біразын Қытайдан алдырып, өздерінде жинайды. Біз бұл мәселені күнделікті бақылап отырмыз. Кешегі ақпарат бойынша 40-тан астамы шекарадан шықты. Осы айдың 25-інде 40 автобус қалаға келеді. Қалғаны қазан айында жеткізіледі деп отырмыз. Онан бөлек, 30 шақты автобус оқушылар тасымалы үшін әкелінетін болады. Бұл – ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан бізге беріліп отырған көмек. Мәселе бізге байланысты емес. Қазіргі геосаяси жағдай өз ықпалын тигізуде. Енді шамалы уақыт шыдасақ, мәселе шешілетін болады. Әлеуметтік желіде біздің атымызға, қала әкімінің атына түрлі сөздер айтылуда. Оның бәрі бізге де оңай тимейді. Сондықтан, құрметті депутаттар, тұрғындарға жағдайды түсіндірулеріңізді сұраймыз, – деді облыс басшысы.

Сессияда күн тәртібіндегі бірінші  мәселеге байланысты облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай депутаттар ұсынысы қолдау тапқанын жеткізді. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов хабарлама жасады.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<