Кешен кеңейе түсті

612

0

Теңізді өлке десек, еске түсетіні – алдымен балық. Қуаныштысы, шеткері жатқан аудан осы үдеден шығып келеді. Мұнда 9 балық зауыты жұмыс істесе, оның төртеуінде «Еврокод» белгісі бар. Жылына 12 мың тоннадан астам өнім шығуда. 2000- жылдардың басындағы есеппен салыстыра қарасақ, балық аулау 20 есеге артқан.

Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасын жыл басында қолға алған еді. Жылына 4500 тонна балық өңдеуге қауқарлы, 50-ден астам жұмысшысы бар серіктестік балық аулау, сақтау, өңдеу, сату жұмыстарымен айналысады. Ресей, Польша, Германия, Грузия, Қытай елдеріне өз өнімін экспортқа шығарып отыр. Мекеме басшысы Әділбек Әйімбетов бізге жаңа жоба жайлы айтып берген еді.

– Біздің зауыт бұрынғы «Арал­рыб­пром» ізімен 2009 жылы құ­рылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шы­ғып, соңғы он жыл ішінде өнім кө­ле­­мі 17 есеге артты. Теңіздегі 5 учас­ке, қосымша көлдерден балық ауланып, дайындалған өнімді шет елдерге шы­ғарып отырмыз. 2012 жылдан бері «Еврокод» белгісін алып, көрші мемлекеттерге жіберудеміз. Алда жоспарымыз көп. Мына қолға алған жоба арқасында тоғандар салып, қосымша цех пен жұмысшыларға жатақхана тұрғыздық. Арал қаласындағы балықты тереңінен өңдеу цехына 640 тонна балық сақтайтын мұздатқыш камерасы салынды. Бастысы, балық түрлерін көбейтіп, зауыт жұмысын жандандыра беру, – дейді Әділбек Әйімбетов.

Биылдан бастап дайын өнім экспорттайтын зауыт өз мүмкіндігін кеңейтуде қомақты қаржы алып, жобаның біршама жұмыстары атқарылған. Мысалы, цех жұмысы ұлғайып, Бөген ауылдық округіндегі мұздату цехы және жатақхана іске қосылған. Зауыт басшысының айтуынша, енді Қарашалаң ауылына жақын «Домалақ» көлінен балық аулау шаруашылығын құрып, Қамбаш жағасынан туристік орталық тұрғызылмақ.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<