КӨКТЕМГІ АҢШЫЛЫҚҚА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

677

0

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында дөңгелек үстел өтті.

Саладағы атқарылған жұмыстарды са­ра­лап, көктемгі аң аулауға тыйым салу жайын талқылаған жиынға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жалғас Ахметов, ОІІД-нің ЖПҚ-нің ТҚПб инспекторы Төлеген Әлменов пен «Қансонар» АҚБжАШСРҚ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Шәкизат Төребаев қатысты.

– Табиғатты аялау – ортақ парыз. Бүгінде инспекция жергілікті атқарушы органдармен жоспарға сай жүйелі жұмыстар атқарып келеді. 2017-2018 жылдар аралығында жануарлар дүниесін қорғап, өсімді молайту мақсатында биотехникалық шаралар күшейтіліп, кешенді рейдтер ұйымдастырылды. Мәселен, ақбөкеннің миграциясын анықтау үшін РФ ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы ІІБ-не ұсыныс жіберілді. Нәтижесінде «Байқоңыр» кешенімен шектесетін аймақтарда 2 мәрте әуеден бақылау, қадағалау жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл жұмыстарды одан әрі жетілдіру мақсатында облыс әкімдігіне қатынас хат жолданды. Облыстағы аңшылық алқаптарының көлемі – 22411,2 мың гектар. Қазіргі таңда 8 425,43 мың гектарды құрайтын 37 аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған, оның 29-ы облыс әкімінің шешімімен 24 аң ісін пайдаланушы субъектілерге бекітіліп берілген, – деді М.Нұрмағамбетов.

Басқосуда жүргізілген рейдтік шаралардың қорытындысы таныстырылып, спикерлер бірлескен жұмыстарды қолға алу қажеттігін қозғады. Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облыс көлемінде жануарлар дүниесіне қатысты 20 қылмыстық іс анықталған. Ал аң аулауға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтың 52 фактісі тіркеліп отыр. Мамандар аң аулау қағидаларының бұзылуы айтарлықтай төмендегенімен, тыйылмай отырғанын алға тартады. Оның үстіне жыл сайын аңшылық ұйым мүшелері көбейіп келеді. Мұнан бөлек, браконьерлік жолмен табиғат байлығына залал келтіретін жағдайлар да бар. Бұл мәселе көктемгі аңшылыққа тыйым салу арқылы оларды көбейтуді талап етіп отыр. Айта кетейік, қолданыстағы аң аулау қағидаларына сәйкес, көктемгі мезгілде аталық үйректерді, шалшықшыларды, жылқышыны, саңырау құрды және құрды аулауға рұқсат берілген. Бұл ретте ресми түрде үйрекке рұқсат етілген лимит 5 проценттен артық бөлінбейді, яғни аңшылық шаруашылығы субъектілеріне бұл тыйым айтарлықтай шығын әкелмейді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<