Көктемнің бір күні – жылға азық

301

0

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылдың көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көктемгі егінге әзірлік барысын баяндады.

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін 5 жылда екі есеге арттыру тапсырмасына сәйкес, облыста 187 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Оның ішінде күріш көлемі – 83,9 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемін 6,4 мың гектарға, оның ішінде күрішті 5 мың гектарға азайттық. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар егісін арттырамыз. Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы күрделі болғандықтан, су лимиті әлі белгіленбеген. Мемлекетаралық Су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланатын болады. Бөлінген лимитке сәйкес күріш егісі әлі де қысқаруы мүмкін. Өңірде көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде басталды, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының үшінші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар – жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда. Бүгінгі күнге 16,5 мың гектары егілді, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, су үнемдейтін озық технологияны енгізу биыл 4,2 мың гектарға жеткізіледі. Оның ішінде тамшылатып суару әдісімен «Таң ЛТД» ЖШС 800 гектар жүгері, «Qaratau Fruits» ШҚ 80 гектар қарқынды бақ, «Ер Әлі» ШҚ 15 гектар, майда шаруашылықтар 1800 гектар, жеке қожалықтар 1005 гектар көкөніс, бақша егеді. Жаңбырлатып суару әдісімен «РЗА Агро» ЖШС 260 гектарға сүрлемдік жүгері, «Gamil Pro» ШҚ 200 гектар жоңышқа, «Жетікөл Жер» ЖШС 40 гектар күнбағыс егуді жоспарлаған.

Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, атыздарда су үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу. Биыл күріш алқаптарының 70 пайызы лазермен тегістеледі. Бұл суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Су тапшылығы жағдайында суды екінші рет қайта пайдалану үшін 351 су насосы дайындалды. Кепілді өнім алудың алғышарттарының бірі – тұқым және минералдық тыңайтқыштарды өз деңгейінде пайдалану. Тұқым дайындауда ешқандай мәселе жоқ, 100 пайыз қамтамасыз етілді. Минералды тыңайтқыштарға қатысты қосымша қаржыландыруды күтпей, жыл басында тыңайтқыш жеткізушілер және өндірушілермен жасалған келісімдер нәтижесінде бүгінгі күнге 52,8 мың тонна тыңайтқыш шаруашылықтарға жеткізілді. Бұл – қажеттіліктің 83 пайызы. Қаржысы шаруашылықтар және инвесторлар есебінен шешілді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы көлемі 26,7 млрд теңгені құрайды. Оның 87,1 пайызы немесе 23,3 млрд теңгесі қаржыландырылды. Каналдардың 134 шақырымы тазаланып, гидротехникалық құрылыстардың 75-і жөндеуден өтті. Ауыл шаруашылығы техникалары толық жөнделіп, егін егу науқанына қатысуда.

Шаруашылықтардың қажеттілігіне сәйкес облысқа бөлінген 12,9 мың тонна арзандатылған дизельдің 40 пайызы жеткізіліп, 1 литрі 250 теңгеден босатылуда.

Баяндама соңында Нұрлыбек Машбекұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жеке бақылауында екенін және тиісті министрліктермен тығыз жұмыс жүргізілгенін айтты.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған мәселеге орай жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін алдағы 5 жылда екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауды биылдан бастауымыз керек. Ол үшін Үкімет мақұлдаған егін шаруашылығы индикаторлары бойынша биылға болжанған көлемді агротехникалық талаптарды сақтап, мерзімінде егу қажет. Жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым, қаржы және су ресурстарымен қамтамасыз ету басты назарға алынады. Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша «Шардарадан» жоғары орналасқан «Тоқтағұл», «Әндіжан», «Қайраққұм», «Шарбақ» су қоймаларындағы су көлемі 12,1 млрд текше метр, бұл өткен жылдағыдан 700 млн текше метрге кем. «Шардара» мен «Көксарайға» жиналған су көлемі 1 млрд текше метрге аз. Вегетациялық кезеңде «Шардара» су қоймасына жоғарыдан қосымша 3 млрд текше метр су берілмесе, қиындықтар туындайды. Сондықтан жоғарыдан келетін су көлемі тұрақты, күнделікті бақылауда болуы керек, – деді аймақ басшысы.

Жиында шаруашылықтардың «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала» бағдарламасымен 2,5 млрд теңге несие алуы, ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтау, су үнемдеу технологиясы қолданылатын егіс көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.

Мәжіліс қорытындысымен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына жанар-жағармайдың бекітілген кесте бойынша жеткізілуін қадағалау, қаржыландыруды ұйымдастыру, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, бақшалыққа қажетті судың берілуін үйлестіріп, көлемін арттыру тапсырылды. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы егіске қажетті суармалы судың лимитін сәуір айының 5-не дейін нақтылауы тиіс. Ал «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалы көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын (каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды, гидропосттарды) жөндеуді толық аяқтауға жауапты. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне қажетті тыңайтқышпен, тұқыммен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындардың картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егетін қосымша жерін дайындауды 1 мамырға дейін аяқтау жөнінде тапсырма берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<