Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

1113

0

Орыс тілі – әлемдегі ең көп таралған тілдердің бірі. 260 млн адам осы тілде сөйлеп, бұл көрсеткіш бойынша әлемде 6-орында. Еуропадағы ең көп қолданылатын тіл болғандықтан оны білуге, тез үйренуге тырысатындар жетерлік. Тіпті ауылдың қарадомалақтары да орыс тілін жетік біліп, әлемдік деңгейде өздерін көрсетіп жүр. Әрине, ондай танымал тұлғалардың артында тіл үйреткен білікті педагог, мықты мұғалім тұрғаны анық.

Ауыл балаларының тіл білуге деген ынтасын арттырып, олардың республикалық, халықаралық дәрежеде жеңімпаз атануына үлес қосып келе жатқан Жанна Қонарова Арал қалалық №14 мектеп-лицейінде 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Педагог-шебер, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Аудандық орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің жетекшісі, облыстық пән бірлестігінің белсенді мүшесі. Шығармашыл ұстаздың еңбектері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде таратылып келеді.

Оның оқушылары жыл сайын өткізілетін жалпы білім беретін пәндердің аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып жүр. Мәселен, 2017-2018 оқу жылында 11-сынып оқушысы Аида Жасекенова, 2018-2019 оқу жылында Ұлболсын Қожантаева республикалық пән олимпиадасының қорытынды турына қатысып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің орыс тілі мен әдебиеті пәніне ерекше жетістіктер көрсеткені үшін мадақталған. Осы оқу жылында  Інжу Маратқызы 5-6 сынып оқушыларына арналған орыс тілі мен  әдебиеті пәнінен олимпиадасының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанса, 11-сынып оқушысы Назерке Еңсепбайқызы халықаралық «Аль Фараби-2023» олимпиадасының 3-орын дипломымен марапатталған.

Жалпы көп тіл білудің еш артығы жоқ. Өйткені тіл арқылы адам өзге елдің мәдениетін, ұлттық ерекшелігін танып-біліп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Көп тіл меңгерген адамның білімі де, өмірге деген көзқарасы да терең болады.

– Бүгінде ауыл балаларының орыс тіліне қызығушылығы жоғары. Олар тіпті мұғалім үйретпей-ақ, теледидар мен телефоннан түрлі бағдарламалар мен мультфильмдер көріп-ақ орысша сөйлей алады. Байқасаңыз, отбасында ата-анасы бір ауыз орыс тілін білмесе де, балалары сайрап тұрады. Туғаннан тіл біліп жатқан балалар көп. Ал мектептегі жағдайға келер болсақ, бірінші сыныптан орыс тілі пәні алынып тасталды. Бұл бір жағы дұрыс деп ойлаймын. Бала ең алдымен ана тілін терең меңгеріп алғаны дұрыс. Ал екінші сыныптан бастап енгізгені дұрыс. Тіл білгеннің зияны жоқ. Көпшілік арасында баласын орыс мектебіне берсе, орыстанып кетеді деген қате ұғым бар. Егер ата-ана үйде тек қазақ тілінде сөйлесіп, ұлттық тәрбиені сіңірсе ондай болмайды. Үлкен мегаполистерде тұратындардың ата-анасы орыс тілінде сөйлегендіктен баланың ойлауы, сөйлеуі орысшаланып кетуі мүмкін. Ал ауылда тіл білетіндер жетіспейді. Аралда ата-аналар көбіне баласын орыс сыныбына беруге тырысады. Мұндай балалар екі тілде еркін сөйлейді. Қазақта «Бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың» деп бекерге айтылмаған, – дейді педагог.

Өзінің шығармашылығымен облыс, республика көлеміне танымал ұстаз көптеген байқаулар мен сайыстардың жеңімпазы атанған. Айталық,  «Менің педагогикалық мамандығым» атты ІV халықаралық педагогикалық шеберлік конкурсының жеңімпазы, республикалық инновациялық-педагогикалық идеялар фестивалінің 2-дәрежелі дипломының иегері, «Өз ісінің шебері» номинациясының жеңімпазы. Көкшетау қаласындағы «Келешек – 2030» баспасынан 2000 данамен «7-сыныпқа арналған орыс тілі пәнінен  дидактикалық  материалдар» жинағы шығарылып, республика көлеміне таратылған. «Учимся читать и понимать текст», «Работа с текстом как средство развития функциональной грамотности учащихся» авторлық бағдарламалары, «Когда учитель властитель дум», тағы басқа әдістемелік басылымдары жарық көрген. Көптеген ғылыми-практикалық конференцияларда жасаған баяндамалары үздік деп танылып, бірнеше жинаққа енгізілген.

Аудандық, облыстық білім қызметкерлерінің озат тәжірибесін жинақтау, тарату мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Тәжірибе алаңында» өзінің тың идеялары және инновациялық бағыттағы жұмыстарымен ерекшеленіп, көптеген марапаттарға ие болып, «Тәжірибе алаңының» 10 жылдығына арналған «Ең үздік шығармашыл мұғалім» мерейтойлық медалін иеленді. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған, Қызылорда облысы әкімдігінің  білім беру саласының қызметкерлеріне тағайындаған біржолғы сыйақысының иегері. Өткен жылы республикалық «Үздік педагог-2023» байқауының жеңімпазы атанды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<