Тәуелсіздік тірегі – татулық

288

0

Облыстық мемлекеттік архивінде Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Достық, береке, бірлік – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Архив басшысы Жанат Абзалиева жиынға қатысушыларды  мерекемен құттықтап, елдің ынтымағы мен бірлігі тақырыбында емен-жарқын әңгімелесуге шақырды.

Дөңгелек үстелде облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Гизатуллина, «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Гичиев, бірлестік мүшесі С.Хаджиев, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі облыстағы филиалының директоры Н.Мишукова, «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Д.Омаров және БАҚ өкілдері қатысты.

Ең алдымен «Ел бірлігі – достықтың бастауы» атты тарихи-құжаттық көрмені тамашалаған жиын қонақтары өз Отанынан еріксіз көшірілген өзге ұлттардың Қазақ еліне, оның ішінде Сыр өңіріне алғаш қоныстануы кезіндегі көптеген құнды деректермен танысты.

Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Г.Гизатуллина мемлекетімізді мекендейтін халықтар достығы, осыған мүдделі ұлттық мәдени орталықтардың құрылу тарихы, бүгінгі жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстары жайында әңгімеледі. Өз кезегінде «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Гичиев:

– Тағдыр жазуымен осы топырақта өмір сүріп, өсіп-өндік. Сондықтан Қазақ елі – біздің тарихи Отанымыз, Сыр өлкесі – сүйікті мекеніміз, – деді.

«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда филиалының директоры Н.Мишукова сонау жылдары тағдыр тәлкегімен Қазақ еліне келіп, Арал жеріне қоныстанған арғы аталары туралы айтты. Ұлттар бірлігі мен татулығын нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған қызметіне тоқталып өтті.

Облыстық архивтің архивисі А.Елемесова қор құжаттарынан дайындалған «Тағдыр табыстырған ұлттар ордасы» тақырыбында баяндама оқыды. Ал «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары Д.Омаров елімізде қалыптасқан ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік септігін тигізіп отырғанын айтты.

– Қоғамда тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы – Қазақстанды мекендеген халықтардың достық қарым-қатынасының жемісі. Осынау ымырасыз ынтымақ, берекелі бірлігіміз баянды болуына баршамыз үлкен жауапкершілікпен қызмет етуіміз керек, – деді Д.Омаров.

Мерекелік іс-шара барысында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі жанындағы қосымша білім беру орталығының мүшелері өнер көрсетті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<