Көрерменге бас идірген қойылым

533

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында   ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты драмалық дастанының тұсаукесер қойылымы өтті.

Жерлесіміздің 75 жылдық мерейтойына орай сахналанған шығармада он тоғызыншы ғасырдағы қазақ ауылы ішіндегі үлкен жанжалға ұласқан бір оқиға суреттеледі. Бұл істі шешуге келгенде билер де бітісе алмайды. Осындай қиын-қыстау кезеңде жұртты қырғыннан құтқарған Арғынбай батырдың анасы Қазына ананың соңғы шешімі болады.

Мәңгілік ел халқының бүгінгі достығын, бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттайтын драма қайран қазақ аналарының ұлылығына бас идіреді.

Көрермен зор ықыласпен қабылдаған қойылым соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мерейтой иесін құттықтады.

«Сыр өңірі – Түркі әлемінің аңызы, ортақ абызы Қорқыт бабаның, туған халқына жерұйық іздеген Асан Қайғының, найзалы батырлар мен найзағай ақындардың Отаны.  Бұл сапты қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын, дарынды драматург, Сырдың саңлақ перзенті Иранбек Әбітайұлы жалғайды. 

Исі қазақтың сүйіктісіне айналған заманының заңғары Мұқағали Мақатаев туралы жазған қаламгерлер көп-ақ. Бірақ, ақынмен үзеңгілес жүріп, тіні үзілмес жыр жазған Иран-Ғайыптан басқаны атау қиын. Өлең сөздің шын бағасын беретін халық Иран-Ғайып ақынды Мұқағалимен мұңдас болғаны үшін де көкке көтеретіні рас.

Тәуелсіз елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері болуы да Иран-Ғайыптың ақындық дарыны мен арынын айғақтайды. Кітапханалар сөресінен оқырман қолына ұдайы көшетін ақын өлеңдері ең оқылымды шығармалар саналады. Сіз бір дәуір ақындарының ұстазына айналдыңыз. Сіздің қазақ өлеңіне салған дара олжаңызбен бірге ұлттық драматургияға қосқан үлесіңіз де ерекше зор», – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып, облыстың Құрмет грамотасын тапсырды. ақын мен оның жарына ұлт дәстүрімен сый-сияпат жасады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің режиссерлігімен сахналанған тарихи қойылымның басты ролдерінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова, Мәдениет саласының үздіктері Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді белгілі артистер ойнады.

Бүгін театрда Иран-Ғайыптың «Топырағыңды басқаным – тау асқаным» атты шығармашылық кеші өтеді.

“СБ” ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<