Коммуналдық қызмет: Қарыз қордаланып барады

880

0

Облыстағы коммуналдық кәсіпорындардың қарызы қордаланып қалған. Мәселе уақытылы шешімін таппаса алдағы жылу беру маусымында көлденең кедергілер орын алуы мүмкін. Қалыптасқан жағдай облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың қатысуымен өткен жиында жан-жақты талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Дәрібаев   коммуналдық мекемелердің арасындағы қарыздар жыл басынан бері өскенін мәлімдеді. Мамыр айындағы мәліметтер бойынша, «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнына «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, «Қызылорда Су жүйесі» мекемесінің және «Энергосервис», «Дәулетэнерго», «Шиелі жарығы» серіктестіктерінің   берешектері 862,8 млн теңгеге жеткен.

Ал,  «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-на мекемелер 554 млн теңге қарыз болса,  «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнының «ҚазТрансГаз Аймақ» алдындағы берешегі 89,5 млн  теңгені  құрап отыр.

Жазғы маусым басталса, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабатына су көтерілмеуі, саяжайлардағы қысымның төмендеп кетуі жылдағы өткір мәселеге айналған. Бұл мекемеге тұрғындардың қарызы жыл сайын көбейіп, жағдайды одан әрі күрделендіруде. Тұрғындардан ай сайын жиналатын ауызсу және кәрізсу төлемдерінің төмен болуы қызметкерлерге айлық төлеудің өзін қиындатып отыр. Бұл мекеме қызметкерлері наурыз айының жалақысын әлі толық алмаған. Сонымен бірге, осы мекеменің «Қызылордажылуэлектрорталығы» және «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» кәсіпорындарының алдындағы берешегі 100 млн теңгеден асып кеткен. Облыс әкімінің орынбасары мекеменің жұмысын сынға алып, басшысы Талғат Құлмағамбетовке қалыптасқан жағдайды шешу үшін бір ай уақыт мерзім берді.

Мәжілісте «Энергосервис», «Шиелі жарығы», «Дәулетэнерго» ЖШС басшыларының қалыптасқан жағдай бойынша атқаратын жұмыстары тыңдалды. Мархабат Жайымбетұлы  кәсіпорын басшыларының мұндай олқылықтарға жол беретін реті жоқ екендіктерін қатаң сынға алды. Қарыздарды өтеуге барынша жауапкершілікпен қарауды тапсырып, оның алдағы жылу беру маусымын тұрақты өткізуге тікелей қатысты екендігін айтты.

Мәжілісте сала басшыларына коммуналдық мекемелердің қызметін ұйымдастыру мен оңтайландыруға байланысты бірнеше тапсырма берілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<