Мәмбет болыс

577

0

Жақында Қазалы аудандық архивы мекемесіне бас сұқтым. Шынымды айтсам, бұрын-соңды ол жердің босағасынан аттап көрмеппін. Менің түсінігімде архив атауы кейінгілерге бұрынғылардан мұраға қалған рухани мол қазына, ескі құжаттар, деректер, бүгінгі ұрпақ негізге алып сүйене отырып қолға алатын ілкімді істерінің қайнар көзі болуы тиіс еді. Тиіс еді емес, википедияның нұсқауынша ол солай болуы міндетті және архив үшке бөлінеді екен: мемлекеттік архив, қалалық, аудандық әкімшілік архив және ведомостволық. Біріншісінен елге қатысты, екіншісінен сол аймаққа қатысты қажетіңді тапсаң, соңғысынан мекеме, кәсіпорындардың көне құжаттарын қазбалай аласың. Қазалы аудандық архив басшысының сөзінше, аудандық архив тек соңғысымен, яғни мекемелердің ресми құжаттарын қабылдап, сақтаумен ғана айналысады екен.

Бұған қоса ол кісі Кеңес үкіметі құрылған алғашқы жылдары, Қазалы уездік-әкімшілік орталығы болып тұрғанда тәркілеуге (конфискацияға) іліккен байлар, болыстар, кеңес өкіметінің қырына ілінген тұлғалар жер аударылып барған өңірлерінде олардың қай аймақтың қандай тұлғалары болғандығы, өмірдеректері туралы жазбалар өздерімен бірге апарылып, сол барған жерлерінің архивтерінде сақталады екен.

Ал архив басшысы Қазалы өңірінен жер аударылған, өкіметтің қара тізіміне топтастырылған би-болыстар, байлар және т.б. тұлғалар көбіне Маңқыстау, Бұхара жақта өмір кешіп, деректері де сол жердің архивтерінде сақтаулы тұр деген мәлімет бар дегенді де қосып қойды. Ендеше, қазіргідей сандық технология заманында бұл жергілікті жердің архиві үшін құнды деректер іздестіруге, туған жерден жазықсыз қудаланып жер ауған тұлғалардың ел алдындағы нағыз беделін қалпына келтіру үшін жоба жасап тиісті орындарға ұсынуға, іссапарлар ұйымдастыруға мүмкіндік бар деген сөз.

Керек дерегім архивтен табылмаған соң музейге бардым. Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейінің директоры Роза Асановадан Тілеулес баласы Мәмбет болыс туралы ауызша және жазбаша шағын мәлімет алып, соны аздап толықтырып жариялағанды жөн көрдім.

Төртқара руының Жоламан аталығынан өрбитін Тілеулес баласы Мәмбет Қазалы өңірінде шамамен 19-ғасырдың екінші жартысы, 20-ғасырдың отызыншы жылдарына дейін өмір кешкен. Ел аузындағы деректерге сүйенсек, ол кісі өз заманының белгілі байларының бірі болумен қатар болыс болып, билікке де аралаласқан. Байлығы төрт түліктен бөлек, шаңырақтың кереге көзіне тізілген алтын-күміс тиындарымен де бағаланыпты.

Қазалы теміржолы вокзалы құрылысының 1902 жылы басталғаны, оған отыз шақырымдай жердегі Ақиректен түйелерге теңделіп вокзалдың іргетасын қалап көтеруге адам күшінің ауыр еңбегімен уатылған үлкен-үлкен тастар тасылғанын бала кезінде көргендерін менің атам да айтып отырушы еді. Мәмбет болыс жетім-жесірлерге қамқорлық жасаумен қатар, өз дәуірінің белгілі меценаты болып, Қазалы теміржолы вокзалының құрылысына қаржылай және азық-түліктен көмек көрсеткен. Сонымен бірге билікке де араласып ел басқарғандардың қатарында болғандығы туралы жазушы Ә.Оспановтың құрастыруымен Қарасақал Ерімбеттің «Ұлағат сөзім ұрпаққа» атауымен шыққан кітаптың 100-бетінде Көнек Қыпшақбайдың қайтыс болар алдында елдің игі жақсыларының атын атап қоштасу толғауында:

Сәлем айт, Өтетілеу, Пұсырманға,
Тәжімбет ата баласы қазанаттай,
Шәлтекбай, Мәмбет, Бәйдеу құрбыларым,
Байсалды ер едіңдер парасатты, – деп жырлайды.

Осы жинақтың 114-бетінде Жиеней Қазанбайдың белгілі байы Құттыбай Ақболұлы өмірден өтер алдында Ерімбет Көлдейбекұлын шақыртып алып, ел басқарған азаматтармен қоштасу өлеңін жаздыртады:

Деп едім үмітім көп тастамасқа,
Болса да көңілі жақын, ауылы басқа,
Жоламан-Мәмбет, Матай Үмбетке айт,
Нағашыңның түрі болды жазылмасқа, – деген өлең жолдарында Жоламан Мәмбеттің аты аталады.

Мәмбет Тілеулесұлының бейіті Қазалы ауданының Сарыкөл ауылдық округіне қарасты «Бегұлы» қорымында. Сол жерге жерленіпті. Қай жылы, қандай жағдайда өмірден өткені туралы нақты дерек жоқ.
Үсен, Жүсіп есімді екі баласы болған, Үсеннің Нұрқожа, Ғани, Әнуарбек есімді балалары кезінде бай ұрпақтары есебінде қудаланып, Қарақалпақстан жеріне қоныс аударған.
Биылғы жылдың мамыр айында Мәмбет Тілеулесұлының Қазалы ауданында тұратын ұрпақтары бейітіне мрамордан ескерткіш тақта орнатып, құран оқытып ас беріпті.

Ескерткіш тақтаға мынадай өлең жолдары жазылыпты :

Төртқараның Жоламаны Мәмбет болыс,
Елі үшін атқарыпты қыруар іс,
Жетімменен жесірге қамқор болып,
Нардың жүгін көтерген шамадан тыс.
Вокзалды салған кезде беріп көмек,
Төрт түлік мал сойғызған елден ерек.
Ас-сумен қамтамасыз еткен дейді,
Біздерге көнелерден жеткен дерек.
Еліне еңбегімен сыйлы болған,
Тарихта бабамыздың орны бөлек,
Оң жағынан беріліп амал дәптер,
Ұрпағыңды жатқайсың жебеп, демеп.

Әлімжан ҚИЯС,
Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<