Мәскеулік маманның шеберлік класы

681

0

Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының науқастарды емдеудегi мүмкіндігi күн өткен сайын молайып келеді. Аурухана дәрігерлерi бұл бағытта әрдайым бiлiм жетiлдiрiп, алыс-жақын шетел мамандарымен тәжірибе алмасып отырады. Сондай шараның бірі ауруханада үш күн бойына жалғасты.

Нақтырақ айтсақ, аурухананың реанимация бөлімшесінде «Қарқынды терапиядағы тыныс алуды қолдау» тақырыбында шеберлік класы өткiзiлдi. Оған Мәскеу қаласынан Д.Рогачев атындағы Балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы ұлттық медициналық ғылыми орталығы Аккредиттеу және симуляциялық орталығының жетекшісі, GISP педиатриядағы симуляция бойынша халықаралық топтың үйлестірушісі, педиатрия және неонатологиядағы тыныс алуды қолдау жөніндегі испан жұмыс тобының нұсқаушысы Лоайса Уго Карлос арнайы шақыртылды. Аймақтың анестезиолог-реаниматолог мамандары қатысқан дәріс балаларға респираторлы көмектегі машықтарды күшейту, жетілдіру, нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Мәскеулік маманмен өткен шеберлік класта желдеткіш негіздерi, негізгі аспектілері, тыныс алу механикасы, өкпені жасанды желдету әдістері мен режимдерінің жаңа классификациясы, балалардың қарқынды терапиясындағы тыныс алуды қолдау тақырыбы тарқатылды. Тәжірибелік дағды барысында практикалық мәселелер науқас балалардың нақты клиникасына сәйкес өз шешімін тапты.

Жалпы көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 360 төсек орын стационар және бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық емхана жұмыс істейді. Ауруханада 13 клиникалық бөлімше, сондай-ақ 5 төсек паллиативті палата бар. Емдеу орнында күніне шамамен 20-30 бала емделіп, 20 ота жасалады. Мамандар жеткiлiктi.  2020 жылы 60 төсектік реабилитация бөлімі қайта бейіндендірілді. Былтыр «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Сонымен қатар, ауруханада 2017 жылы «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» оқу орталығы ашылып, медицина қызметкерлері дипломнан кейінгі білімiн үздіксіз жетілдіруде.  Аурухана 94 пайыз медициналық техникамен қамтылған. Компьютерлi томография, когерентті томограф, нанодакт және т.б заманауи аппараттармен жабдықталған. Науқастар, мемлекет тарапынан бөлінетін әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін ем алады. Дәрі-дәрмек те жеткілікті. Ең қуантарлығы – бұрын Алматы, Астана секілді  республикадағы iрi емдеу ұйымдарына барып ем қабылдайтын науқастар қазіргі кезде осы ауруханада емделуде. Бір сөзбен айтқанда, балалар ауруханасының науқастарға заманауи медициналық қызмет көрсетуде  мүмкіндігi мол.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<