Мағжан болып жырлайын

684

0

Алаш ардақтысы, ұлт мақтанышы, қайталанбас дара болмысымен жұрт жадында қалған Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында тайталасқа толы тағдыр кеше жүріп, «Мен жастарға сенемін!» деп елінің болашағына риясыз үміт артқан аяулы ақынның асқақ арманы бүгінде ақиқатқа айналды.

Қала әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және спорт бөлімі, «Қызылөзек» және «Қосшыңырау» ауылдық округтерінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Алаш қайраткері М.Жұмабаевтың ұлт тарихындағы  тұлғасын айшықтау мақсатында «Мағжан болып жырлайын» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның шартына сай ақындар М.Жұмабаевқа арнау өлең және «Туған далам – бақ мекен» тақырыбындағы туындыларын көптің назарына ұсынды.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай ғұлама айтқандай, ақындардың жырларынан жүрек толқынысы, жан тебіренісі аңғарылып тұрды. Алаш ардақтысының азапты өмірін арқау етіп, көңіл түкпіріндегі шерді қозғап, көзге жас үйірген туындылар болды.

Жыр мүшәйрасында ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлы бастаған қазылар баға берді.

Жыр-мүшәйра қорытындысымен, бас жүлдені Қызылорда қаласынан ақын Биболат Сәтжан, І орынды Арал ауданынан қатысқан Айдар Сайлауов, ІІ орынды Жалағаш ауданынан Аружан Нұрадин, ІІІ орынды Қызылорда қаласынан Асқар Әли иеленді. Жалпы мүшәйраға қатысқан ақындардың барлығына естелік сыйлықтар табысталды.

                                                                                            Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<