Маң-маң басқан, маң басқан түйеге келген не кесел?

1015

0

Маусым айының соңғы онкүндігінде Арал ауданында түйе ауруға ұшырады. Ежелден шөлге де, аязға да төзімді, сірітабан делінетін жануарға не болды? тұзды, шөлді аймақтың қатал климатына бейімделген «дала кемесіне» келген кесел туралы желдей ескен әңгімеге мамандар нүкте қойды.

Алғашқыда түйе табанының тү­суінен елдегі шаруалар абдырап қал­ғаны рас. Ойсылқара тұқымының мұндай ауруға шалдығуы ұзақ жыл­дан бері кезіккен емес. Десе де, қызылордалық ветеринария сала­сының мамандары оған алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауданда 33,4 мың бас түйе бар. Бұл облыс көлеміндегі ойсылқара тұқымының 56 процентін құрайды. Түйе – аралдық мал өсірумен айналысып жүрген ағайынның негізгі тіршілік көзі. Сондықтан бұған бейжай қарауға негіз жоқ.


Ауру белгілері байқалғаннан жергілікті билік тарапынан жедел шаралар қабылданды. Мамандардың айтуынша, Арал ауданының Аққұм, Қарақұм ауылдық округтері және Жақсықылыш кентінде 24 бас түйеден ауру анықталған. Клиникалық тек­серу нәтижесінде мамандар оған «Некробактериоз» болжамды диагнозын қойып отыр. Бұл аса қауіпті аурулар қатарына жатпайды.


Бұған байланысты облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағанбетов төмендегіше түсініктеме берді.


– Некробактериоз жануарлардың барлық түріне тән. Ол қажетті жем-шөп қорегінің аздығынан, қуаң­шылықтан пайда болады. Қыстан арық, көтерем болып шыққан, иммунитеті төмен малда жиі кездеседі. Ауру түйе табанын зақымдап, мазольді қабатын бұзып түсіреді. Сондай-ақ, лай-шалшықта жайылғаннан, көк­темде қоражайларға механикалық-­санитарлық жұмыс­тардың жүргізіл­мегенінен де пайда болады, – деді басқарма басшысының орынбасары.


Жергілікті ветеринариялық сала мамандары ауруды емдеу үшін түрлі антибиотиктер қолдануда. Оның ішінде «Бициллин-3», «АСД фракция-3» ерітін­дісі, «Ашокси», «Нитокс-200» ветери­нариялық препараттары бар. Пре­параттар мал иесінің өз қаражаты есебінен егіледі. Оған шамамен 8-10 мың теңгеге дейін жұмсалады. Қазір ауру түйелер мамандар тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Мұндай оқиға бұдан бұрын 1990 жылдардың басында тіркелген екен.
Қазір ауырған түйелердің жағдайы қалыпты. 24 бастың 14-і сауыққан. Ал, қалған 10-ын емдеп жатыр.


Ауру тіркелген Жақсықылыш кентіндегі ахуалды білмек болып кент әкімдігіне хабарласқан едік. Әкім міндетін атқарушы Нұрбек Серікбаев:


– Кесел кент орталығында тұратын азаматтардың қорадағы малынан табыл­ған жоқ. Ауыл маңындағы екі шаруа қожалығында болған. Ветеринарлардың емінен кейін түйелер жазылып, қайтадан қатарға қосыла бастады. Мамандардың айтуынша, қауіптенетін ештеңе жоқ. Қажетті ем жасалғаннан кейін жазылып кетеді. Ешқандай шығын болған жоқ, – деді.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<