Марокко 1/2 финалға шыққан алғашқы африкалық құрама

424

0

Марокко құрамасы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан алғашқы африкалық құрама атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, марокколық футболшылар бүгін 1/4 финалда Португалияны 1:0 есебімен жеңді. Жеңіс сыйлаған жалғыз голды Юссеф Эн-Несири 42-минутта өз еншісіне жазды.

Аталған кездесуде португалиялық Криштиану Роналду ойынды қосалқы құрамда бастады.

Әлем чемпионатының ширек финалына осыған дейін африкалық үш құрама жеткен болатын. Алайда олардың ешбірі жартылай финалға өте алмады. Мәселен, 1990 жылы Камерун қосымша кезеңде Англияға 2:3 есебімен жол берді. Ал 2002 жылы Сенегал да қосымша кезеңде Түркиядан жеңілді. Ал 2010 жылы Гана пенальти сериясында Уругвайға 2:4 есебімен есе жіберді.

Енді Марокко құрамасы 14 желтоқсанда жартылай финалда Англия мен Франция жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Тағы бір жартылай финалда 13 желтоқсанда Аргентина және Хорватия құрамалары шеберлік байқасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<