Мектептерде бақылау күшейтілсін – министр

615

0

Мектепке кіретін адамдар тобына бақылау күшейтілсін. Мұндай тапсырманы Оқу-ағарту министрлігінің шұғыл жиынында ведомство басшысы Ғани Бейсембаев берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың қауіпсіздігі – барлығымыздың басты міндетіміз. Сондықтан, әріптестер сіздерге мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шұғыл әрі тиімді жұмыстарды орындауды тапсырамын. Бүгін Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті арттыру мақсатында 20 ақпан мен 17 наурыз аралағында еліміздегі барлық мектептердің қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етуге мұқият мониторинг жүргізіледі. Осы тұста өзара әрекеттесудің тиімді тетіктері әзірленсін. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы ағымдағы жылдың 20 наурызына дейін баяндалсын. Жергілікті атқарушы органдарға, білім беру ұйымдарында турникеттермен, дабыл түймесімен, лицензияланған күзетпен, бейнекамералармен толық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдансын. Білім беру объектілерінің кіру тобына бақылау күшейтілсін», – деді министр.

Сонымен қоса, Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Орта білім комитетіне оқушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуді тапсырды.

Еске салайық, кеше Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды.

Бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов аталған мектепте лицензиясы бар күзет қызметі болмағанын мәлім етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<