Мектептің жаңа ғимараты ашылды

1166

0

Облыс орталығындағы Сырдарияның сол жағалауында орналасқан «Orda school» жеке мектебі қызылордалықтарға жақсы таныс. Заманауи, сәнді ғимараттар жаңа ауданның көркін ашып ғана қоймай, қоныстанушыларға, кішкентай тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Кеше білім ордасының осындағы  үшінші жаңа ғимараты ашылды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ұясының ұстаздары мен оқушыларын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тынбай-ақ серттесуге болады» деген сөзі баланы оқыту үшін ең бірінші жайлы да заманауи мектептің керегін еске салады. Жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлының бастамасымен 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Orda school» бастауыш мектебі өңірдегі іргелі білім ошақтарының қатарына енді. Бұл салаға инвестиция салған кәсіпкерлер аз емес. Қазірдің өзінде облыстағы 30 жеке мектепте 12 мыңға жуық оқушы білім алуда. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті шәкірттеріміз көбейсін!» – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысы өңірде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынған шаруаларға тоқталды. Атап айтқанда, биыл облыста 2 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық, Жаңақорған ауданы Май бекетіндегі 300 орындық оқу ордасының ашылуы жоспарлануда. Өткен аптада Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектептің жаңа ғимараты табысталды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1850 орындық қосымша ғимараттар салынды.  Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12300 орынға лайықталған 21 мектеп салынуда. 10 мектептің құрылысы басталды, оның 5-уі облыс орталығында. «Білімді қолдау қоры» есебінен 7,9 млрд теңгеге дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернаттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы салынады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 4,8 млрд теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысы басталмақ.

Рәсімде облыс әкімі мектеп ұжымына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің құттықтау хатын табыстады.

Сонымен қатар мектеп құрылтайшысы Мұрат Бақтиярұлы да жерлестерін құттықтады.

– Бүгін – мектеп ұжымы үшін ерекше күн. Өйткені іргетасы екі жыл бұрын қаланып, құрылысы жүрізілген ғимараттың лентасы қиылғалы тұр. Қазіргі уақытта республика көлемінде жеке мектептер көптеп салынып жатыр. Бұл – құптарлық нәрсе. Біздің мектепте алғаш ашылған жылы 180 бала білім алса, қазір 2100 оқушы оқиды. Осы жаңа ғимаратта 5-9 сынып оқушылары білім алады. Бізде жалпы 250-ге жуық мұғалім қызмет етеді. Соның 130-ға жуығы жоғары санатты. 3 спорт шебері бар.  Бірнеше үйірме жұмыс істейді. Кейінгі екі жылда 25 оқушымыз НИШ, БИЛ және «Дарын» мектептеріне және Алматы қаласындағы физика-математика мектебіне түсті. Мектепте  білім берумен бірге тәрбие де қатар жүруі тиіс. Жеткіншектеріміздің ұлттық бағытта тәлім алуына және жаратылыстану ғылымдарына бейімделіп, ағылшын тілін біліп шығуына бар мүмкіндік жасалған. Осы орайда бізді қолдаған облыс, қала әкімдігіне, азаматтарға алғыс айтамыз, – деді ол.

Білім беру ісінің үздігі Серікбай Қошқаров жиналғандарға ақ батасын берді.

Облыс әкімі мектеп ғимаратын аралап көріп, конференц зал, робототехника кабинеті, кітапхана, асхана, спорт залдың жұмысымен танысты. Жаңа ғимаратта оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жасақталған. Балалардың жан-жақты дамуы мен демалуына барлық жағдай қарастырылған.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<