Мемлекеттік грантпен 949 талапкер оқуға түсті

1265

0

Биылғы тестілеу нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарына 5439 бітіруші түлек құжат тапсырып, оның 4082-сі мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізді. Жаңа 2022-2023 оқу жылына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға қабылданған талапкерлер саны 949-ды құрап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Мемлекеттік гранттың басым бөлігі қай бағытқа бөлінді? Қоғамның қай санаттағы өкілдеріне жеңілдіктер қарастырылған? Осы және өзге де сауалдарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры – Басқарма Төрағасы Бейбіткүл Кәрімова жауап берді.

– Биылғы оқу жылына бөлінген 949 мемлекеттік гранттың 448-і – педагогикалық, 255-і инженерлік бағытқа бөлінген. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мақтаныш. Өйткені бұған дейінгі жылдарда көп көлемде грант мөлшері қарастырылмаған. Айта кетейік, оқу орнына мемлекеттік грант бойынша оқуға түскендер 2021 жылы 795 болса, биыл бұл көрсеткіш 19,37%-ке артып отыр. Бұдан бөлек, өңірге қажетті мамандықтар бойынша 2022 жылға облыс әкімінің 42 гранты бөлінді. Ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан талапкерлерге, жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі, соның ішінде мүгедектігі бар талапкерлерге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 10 грант берілді, – деді Б.Сәрсемханқызы.

Сондай-ақ, магистратура бойынша 621 талапкер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдаса, докторантураға 21 үміткер өтініш білдірген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<