Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам

274

0

Ел Президенті Қ.Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін жиі айтады.  Яғни, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл – қоғам болып күресетін маңызды мәселе.

Негізі, сыбайлас жемқорлықпен күрес оның себебі мен шарттарын анықтаудан басталуы қажет. Елімізде мемлекеттік қызметкерлер заңнан аттамайтын, халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын шаралар мен сапалы түсіндіру жұмыстарын жиі ұйымдастырған жөн. Тұрғындар өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нендей іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Себебі, өзінің конституциялық құқығын дұрыс білмейтін адам қиындықтарды шешу жолдарын да білмейтіні анық.

Жалпы, жеке адамның құқығы, мүмкіндігі мен жауапкершілігі – жастайынан санасына құйылғаны абзал. Бұл өсе келе жақсы мен жаманды ажыратып, заңсыз іс-әрекетке жол бермеуіне сеп болады. Өйткені, тал бесіктен берілген білім әрбір саналы адамға өмірлік бағдар болары һақ.

Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлықсыз, Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қазақстандық Мемлекет басшысы айтқан «Адал адам» ұғымына сай болу керек. Ал адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін жан. Адалдық пен әділдікті бәрінен биік қойып, жаңа құндылықтар орныққанда ғана мінсіз қоғам орнамақ!

Ә.МАХАНОВ,

 Қызылорда қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы,

азаматтық қорғау капитаны

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<