Модельдік пәтер ашылды

642

0

Талсуаттағы мүгедектерге арналған оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған еліміздегі алғашқы модельдік пәтер ашылды. Салтанатты шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сакеев, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова және БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысты.

Орталықтағы жаңа модельдік пәтер – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҰҰ даму бағдарламасының бірлескен жобасы. Заманауи пәтер мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатындай етіп жабдықталған. Шараға қатысушыларды орталық жұмысымен мекеме директоры Манат Тілеуова таныстырды.

Орталық 2012 жылдан бастап жұмыс жасауда. Содан бері 9 мыңнан астам адам қызмет алып, оның ішінде мыңға жуық адамның емі нәтижелі өткен. Бір мезгілде 150 адамды қабылдай алатын орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға негізгі 7 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.

Ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға көрсетіліп жатқан арнаулы әлеуметтік қызметтермен танысқан соң қонақтар Халықаралық мүгедектер күніне арналған іс-шараға қатысты. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сакеев сөз сөйлеп, орталықтың қызмет алушыларының тезірек сауығып, отбасына аман оралуына тілектестік білдірді.

– Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жеткен маңызды жетістіктеріміздің бірі – мүгедектігі бар жандарды қолдау, қорғау бағытында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Бүгін де сондай шараның куәсі болып отырмыз. Осындай пәтер үлгісін болашақта құрылыс, тұрғын үй салаларына стандарт ретінде енгіземіз. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрмысқа бейімдеу үшін керек. Сондықтан, тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жасайтын боламыз, – деді вице-министр.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Беришке аймақ басшысының алғыс хатын табыстады.

Өз кезегінде Руслан Сакеев «Жылы жүрек» жастар қоғамдық қорының төрағасы, белсенді азамат Сағатбек Қуанышбайұлы, облыстық саңыраулар қоғамы төрағасы Алтынгүл Айдарбекқызы, мүгедектерді қорғау саласындағы облыстық координациялық кеңес мүшесі Александр Ульянский, қоғам белсендісі Күлпаш Күншығарова және мүгедектерге арналған оңалту орталығы директоры Манат Тілеуоваға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ, қоғам белсендісі, кәсіпкер Тамара Ақмағамбетова облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<