Мұраты бір мәңгілік достық

463

0

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан Президентін Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.

Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.

– Бүгін біз Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан Президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.

– Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз – алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды.

– Өзара мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манасқа ескерткіш ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға Қырғызстан Президентінің қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.

Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырды.

Екі ел басшыларының төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысы өтті.

Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қатынастары стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

– Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі отырыс барысында екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты.

– Уақыт сынағынан өткен ықпалдастығымыздың болашағы зор екеніне кәміл сенемін. Бұл бағытта біркісідей күш жұмылдыруымыз қажет. Осы орайда Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын дамытуға ерекше серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Қырғызстан Президенті сан алуан бағыт бойынша серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екенін жеткізді.

– Бүгінгі шара қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Келіссөздердің дәстүрлі одақтастық және стратегиялық байланыс рухында өтіп жатқаны қуантады. Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі кездесулеріміз екі елдің өзара ынтықмақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.

Президенттер бүгінгі талқылаулардың табысты болғанын, екіжақты ықпалдастықтың басымдықтары мен алдағы міндеттері айқындалғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастарды мүлде жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екенін айтты.

Сонымен қатар жиын барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Жиында Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиев, Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев, Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Шекара қызметінің директоры Уларбек Шаршеев, Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғызстанның Энергетика министрлігінің бірінші орынбасары Назгүл Усенова, Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп министрінің орынбасары Алмазбек Сокеев, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Максутов сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Салтанатты рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

– Қырғызстан – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесіміз. Қос халықтың бауырластығы – өзара тиімді қарым-қатынастың алтын арқауы. Бұл іске Сіз зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Қырғыз елімен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Біз болашаққа бірге қадам басамыз. Мәңгілік достығымыз бен мызғымас бауырластығымыз жалғаса береді.

– Сіз халықтарымыз арасындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңірдіңіз. Мен осыны ескере отырып, Сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым.

Бұл – ерекше құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі. Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне сенімім мол. Қазақстан мен Қырғызстанның достығы мәңгі жалғаса берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін мәлімдеді.

Кеше сондай-ақ екі ел Президенті БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді және Айкөл Манас ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Айта кетейік, 18 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екі ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалады.  Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шарада Қазақстан мен Қырғызстанның танымал мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті.

Бұдан бөлек, концертте «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері, «Гүлдер», «Астана сазы», «Аркасыры» (Қырғызстан) ансамбльдері сияқты шығармашылық ұжымдар көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Бағдарлама аясында «Манас» эпосынан үзінді оқылып, қос халыққа кең тараған әндер мен күйлер орындалды. Сондай-ақ бірнеше хореографиялық композиция ұсынылды.

Сонымен қатар концертті Қырғызстанның ресми делегациясы мүшелері мен зиялы қауым өкілдері тамашалады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<