Нәзік жандылар марапат төрінде

799

0

Бүгін Қазалыда «Жетістік жолдары: әйелдер белсенділігінің қоғамдағы рөлі» атты аудандық әйелдер форумы өтті.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен шара алдымен кәсіпкер аналармен қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған туындыларының көрмесімен бастау алды.

Мұнан соң, әжелер ансамблі қазақтың халық әндерін қормен орындап, форумға келген қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Тағылымы мол шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық етіп, аудандық форумға қатысушы қонақтарды таныстырып өтті.

Сондай-ақ, отбасылық және ұлттық құндылықтар дәріптеле түсетін аталмыш форумның маңызына тоқталды.

Аудан басшысынан кейін, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова сөз алып, игілікті істердің басында ер азаматтармен бірге жауапты қызметтер атқарып жүрген нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі жайында айтып өтті.

Сондай-ақ, Қазалы ауданының құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Құралай Бекжанова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер бірлестігінің төрайымы Наталья Мишукова және бүгінгі таңда еңбегі елге сіңген еңбекқор аналар сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Сонымен қатар аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова ауданда әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру, отбасындағы тәрбие рөлін арттыру бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайында хабарлама жасады.

Форум барысында бірқатар аналарға аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Алғыс хаты» мен «Өнегелі ана», «Ұрпақ жанашыры», «Қайсар жан» сынды түрлі номинациялар табысталды. Ал, «Евразия Пресс» ЖШС аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Гүлсім Аймағамбетова «Қазақстанның Алтын кітабы» медалімен марапатталды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, түрлі кәсіпте еңбек етіп жүрген аналарға облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназаровада шынайы ризашылығын білдіріп, арнайы «Алғыс хаттарын» табыстады.

Шара соңында «Орамалды Ханшайым» сәндік орамалдар желісінің негізін қалаушы, жеке кәсіпкер Сыздықова Динараның сән көрсетілімі ұсынылып, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<