Наурыздың бір нышаны – қайырымдылық

475

0

Кеше Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіндегі «Наурыз шапағаты» қайырымдылық акциясына қатысты. Қайырымдылық акциясы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылған.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың тұрмысын жақсартуға баса назар аударып келеді. Соның бірі – мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік төлемдердің сақталу кепілдігі. Былтыр облыста 100 мыңнан астам халықтың әлеуметтік осал топтарына 7,2 млрд теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстық бюджеттен бөлінген 170,3 млн теңгеге 7 әлеуметтік жобаны іске асырды.

Сыр елінде жабырқағанның жанынан табылу, несібесі кем түскенге қол ұшын беру сынды адамгершілік қағидаттың қазығы нық қағылған. Сыр өңірінің жомарт азаматтары әлеуметтік нысандар салуға да зор үлес қосуда. Күні кеше дәулеті мен сәулеті келіскен облыстың бас шаһарындағы әуежайдың жаңа терминалының іргетасы қалануына куә болдық. Жаңа терминал құрылысы жерлесіміз Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен жүзеге асырылуда. Нысанның құны 31 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық аяқталып, ел игілігіне беріледі, – деді Н.Сақтағанов.

Облыс әкімінің орынбасары туған жерін өркендетуге аянбай атсалысқан жанашыр азаматтардың қосқан үлесін атап өтіп, демеушілерге алғыс білдірді. Қайырымдылық керуені барлық ауданда жалғасын табатынын жеткізді.

Тағылымды шарада облыстың бас имамы Болатбек Әбуов сөз сөйлеп, жерлестерін Ұлыстың ұлы күнімен, Наурыз мерекесінің ізінше басталатын қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Қайырымдылық жасаудың қайыры мен құндылығы туралы айтты.

Ауқымды акция барысында 30 «Газель» автокөлігінен құралған қайырымдылық керуеніндегі  1000 азық-түлік жинағы аз қамтылған отбасыларға таратылмақ. Жалпы «Наурыз шапағаты» акциясында 2 мыңнан астам отбасына азық-түлік көмегі көрсетіледі.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<