Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі: «Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз»

529

0

Сейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Достық үйінде» өткен салтанатты жиында Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының биылғы мауысымдағы күміс жүлдесі мен жоғарғы лигаға жеңіп алған жолдамасымен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.

Салтанатты шарада алдымен жанкүйерлер назарына «Қайсар» ойыншыларының алаңдағы ерекше сәттерінен бейнешолу ұсынылды. Одан кейінгі кезекте жанкүйерлерге доп додасы барысында ерекше көңіл-күй сыйлаған футболшыларға қошемет көрсетілді.

Облыс басшысы кәсіби футболшыларға қарап, бой түзеген жастардың саны артқанын айтып, келер жылға уәде етілгендей, қалада жаңа стадионның құрылысы басталатынын жеткізді. 

– Облыстың бас командасы – «Қайсар» биыл алға қойған міндетті орындап, Премьер-лигаға жолдама алды. Осы мақсатта аянбай тер төккен футболшылар мен бапкерлерге алғыс айтамын. Әрине, жоғары жетістік оңай келмейді. Мұндай мерейлі мүдде жолында Сыр мақтанышы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың мол тәжірибесі мен жаттықтырушылардың біліктілігін бағалауымыз тиіс. Мен өткенде «Қайсар-Жетісу» кездесуінен кейін жанкүйерлерге «Қайсар» командасының заманауи стадионын салуға уәде берген болатынмын. Ресейдің Краснодар қаласында былтыр 12 миллион долларға аз уақыттың ішінде 10 мың орындық жабық стадион салынған. Келесі жылы біз де демеушілер көмегімен сондай еңселі жаңа стадион салуға ниеттіміз. Қазіргі таңда жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынта білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда. Алдағы жылы жаңа стадион құрылысын бастаймыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы биылғы маусымда «Қайсар» сапында ерекше көзге түскен, команданың сұрмергені Мамаду Диаллоның да ойын өрнегіне ризашылығын білдіріп, жетістіктеріне арнайы тоқталды. 

Іс-шарада клубтың жеңісіне ұзақ жылдан бері тілектес болып, тарихи сәттеріне куә болған Нұрлыбай Ұлықбанұлы, Жәнәбіл Нұрқыш, Қоныс Әбікен сынды азаматтарға  арнайы «Құрметті жанкүйер» белгісін табыстады. Одан кейін «Қайсар» футбол клубының ұжымы күміс медальмен марапатталды.

Айта кетейік, аймақ басшысы бұған дейін «Қайсардың» өз алаңындағы кезекті кездесуіне арнайы барып, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың мансабын аяқтау рәсімінде спортшыға алғыс білдіріп, су жаңа көлік кілтін табыстаған еді.

 «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<