Облыстың жаңа прокуроры таныстырылды

342

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс прокуратурасында болып, өңірге жаңадан тағайындалған прокурорды таныстырды.

Бас прокурордың өкімімен және ҚР Президентінің келісімімен Қызылорда облысы прокуратурасының жаңа басшысы болып үшінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ризабек Ожаров тағайындалды. ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Р.Ожаровты облыстық прокуратура ұжымына таныстыра келе алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

−   Ризабек Кәрімұлы қызметтің бірнеше сатысынан өткен. Оның тікелей қатысуымен Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік, Қостанай облысындағы орман өрті секілді күрделі және резонансты істер тергелді. Ризабек Кәрімұлының жаңа лауазымда абыроймен қызмет атқаратынына сенімдімін, – деді ол.

Аймақ басшысы прокуратура органдарының қоғам өміріндегі маңызды рөлін, алдағы міндеттерді атап өтті.

− Қоғам өмірінің барлық саласында заң үстемдігін қамтамасыз ету мен өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау үшін бірлесіп атқаратын жұмыс көп. Біріншіден, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты, жол қауіпсіздігі, отбасылық-тұрмыстық, өзге де саладағы қылмыстардың өсіміне ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою керек. Екіншіден, игерілмеген ауыл шаруашылығы жер учаскелерін қайтару, үлескерлер арасындағы жер дауларының заң аясында шешілуіне қадағалау орнату өте маңызды. Үшіншіден, еңбек ұжымдарындағы даулардың алдын алу бағытында мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру қажет. Ризабек Кәрімұлы жоғары жауапкершілікті талап ететін тегеурінді салада білімі мен тәжірибесін аймақтың игілігіне арнап, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге зор үлес қосады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Актив отырысында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов жаңа басшыны құттықтап, қызметіне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Ризабек Ожаров 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1996-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаменттерінде еңбек еткен, Орталық аппаратта департамент бастығының орынбасары болған. 2017-2019 жылдары Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. 2019 жылдың сәуір айынан қазіргі уақытқа дейін Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметін басқарып келді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<