Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 70 жасқа толды

237

0

Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 70 жасқа толды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ақсақалды мерейлі мерекесімен құттықтап, ілтипат көрсетті.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, мерейтой иесінің жұбайы Сәрсенкүл Дүйсенбаева және ардагерлер Мұрат Нұғманов пен Дайрабай Ысқақов қатысты.

Жиында аймақ басшысы қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың аймақ дамуына қосқан сүбелі үлесін тілге тиек етіп, ардагерлердің қоғамдағы орны мен белсенділігін жоғары бағалады.

– Серік Әбішұлы, Мемлекетіміздің экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етіп, Сыр өңірі үшін, соның ішінде Қызылорда қаласының дамуы жолында жоғары дәрежеде қызмет еттіңіз. Парасаттылығыңыз бен кәсіби біліктілігіңіздің арқасында әлі де аянбай қызмет жасап жүрсіз. Сіздің тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат.

Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы қызметін жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарып, Президентіміздің саясатын қолдап, оны халыққа түсіндіруде айтарлықтай жұмыстар ұйымдастырып келесіз. Ардагерлер ұйымы халқымыздың құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне белсене атсалысып отыр. Бұл жұмыстарды одан әрі жоғары дәрежеде үйлестіретініңізді білемін. Бүгінгі мерейтойыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мерейтой иесіне арналған кездесуде өңір басшысы Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсебаевқа ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың Алғыс хаты мен аймақтың «Құрмет» грамотасын табыстап, зор ілтипатпен қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Басқосуда қаржы саласының үздігі Дайрабай Ысқақов пен ардагер Мұрат Нұғманов ардагерлер кеңесі төрағасының өмір белесінен естеліктер келтіріп, ізгі тілектерін арнады.

Кездесу соңында Серік Әбішұлы аймақ жұртшылығы тарапынан көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, елдің бірлігі мен тұрақтылығы жолында іргелі істерді жалғастыруда Ардагерлер кеңесінің белсенді жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз