«Өркениет» түлектері сұранысқа ие

974

0

«Өркениет» медицина колледжі ұзақ жылдар бойы қалыптасып, дамып, облысымыздың медициналық мекемелеріне өз ісіне адал, іскер мамандар даярлап келеді. Оқу орны заман талабына жауап бере алатын жастарды тәрбиелеп, тәжірибесін жетілдіруде.

Оқу базасы заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген. Жиырма жылдық тарихы бар колледжді осы уақыт аралығында 3000-ға жуық түлек бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр.

Оқытушылар мен студенттер түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүргенін де айта кету керек. 

– Түлектеріміз ұшқан ұясымен тығыз қарым-қатынаста. Студенттермен жиі кездесіп маман тәрбиелеу ісіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жалпы колледж екі мамандық бойынша орта буын медицина қызметкерлерін дайындайды. Атап айтар болсақ, «Фельдшер» және «Жалпы практика негіздері» мамандығы. Негізі жеке оқу орнын тек табыс көзі деп қарастыруға болмайды. Мұндағы жүйе, жұмыс күрделі, 83 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, 678 студент білім алуда, – дейді «Өркениет» медицина колледжінің директоры Анар Жайпанова.

Колледж ұстаздары осы кезге дейін он бес оқу құралын дайындап, жариялады. Биыл «Жалпы патология» және «Паллиативті көмек және онкология» атты екі оқу құралын шығару жоспарда бар.

«Адам өмірінің арашашыларын дайындау салғырттықты көтермейді. Сапалы білім беру – басты мақсат», – дейді оқытушылар. Бүгінде оқу процесінің 65 пайызы практика жүзінде өтеді, яғни, білім беру процесінің дені емдеу мекемелерінде жүреді. Ол үшін 19 денсаулық сақтау мекемесімен келісім-шарт жасалған. Себебі, болашақ маман теориялық ғана  емес, шынайы жағдайда кәдеге асатын практикаға да қол жеткізуі шарт. Сондықтан, өндірістік, клиникалық іс-тәжірибелер қатаң бақылауда.

Әрбір шәкірттің алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Қажеттілігіне қарай студенттер жатақханаға орналастырылады. Бітірген түлектердің 70-80 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Бұл – заман талабына сай маман даярлаудың жарқын жолы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<