Өз мамандығының майталманы

967

0

17 мамыр – Пульмонолог күні

            Бүгін  бүкіл әлемдік медициналық қауымдастық маңызды кәсіби мерекені атап өтуде. Ол  – пульмонолог күні. 1997 жылы құрылған пульмонолог күні көптеген елдерде қолдау тапты, өйткені бұл мереке адамдардың тыныс алу мен өкпе аурулары пайда болған кезде жүйелі түрде тексеруден өтіп, денсаулығын күтудің маңыздылығын еске салады.

         Пульмонология – тыныс алу жолдарының ауруларын емдеумен айналысатын медицина саласы. Короновирус инфекциясының пандемиясынан соң өкпенің түрлі ауруына шалдыққан жастарда, қарттарда көбейді. Ерекше ем-дом мен күтімді қажет ететін дертке, тек білікті мамандар ғана көмектесе алады.

         Өз мамандығының майталманына айналған жандардың бірі − Көп салалы қалалық аурухананың бірінші санатты пульмонолог дәрігері Іңкәр Сейтмамбетова.

           Ол Қазалы ауданында 1963 жылы 18 тамызда дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында «Емдеу ісі» мамандығын меңгеріп, бір жылдық интернатураны облыстық ауруханада терапия мамандығы бойынша өтті. Еңбек жолын Қазалы ауданы Өркендеу ауылының дәрігерлік амбулаториясында меңгеруші болып бастаған. Үш жылға жуық аталған аудандағы Қызылту ауылының дәрігерлік амбулаториясында меңгеруші қызметін атқарды. Әр жылдары  Қызылорда қалалық ауруханасында пульмонолог дәрігері,  қалалық №1 емхана дәрігері, «Сәулет» жанұялық дәрігерлік амбулаториясында жанұялық дәрігер, №1 емханада аймақтық дәрігер, пульмонолог дәрігер, терапия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

         2008 жылдан осы уақытқа дейін қалалық аурухананың I терапия бөлімінде дәрігер пульмонолог қызметін абыроймен атқарып келеді. Дәрігер Іңкәр Қалмырзақызы науқас жандардың сеніміне ие, алғысын арқалаған тәжірибелі маман. «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі» төс белгісімен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотамен марапатталған. Іскерлігі мен ізденімпаздығы жас мамандарға үлгі. Адал еңбегі мен мейірімділігі үшін емделушілердің алғысына бөленіп келеді.  Білімді де білікті маманға төл мерекесінде толайым табыс тілейміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<