Партия қатары толықты

822

0

1 желтоқсан − ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Nur Otan» партиясының қатарына салтанатты қабылдау шарасы өтті. Оған облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Салтанатты шарада Елбасының Сыр өңіріне сапарлары туралы арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді. Партия филиалының төрағасы жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Елбасының ерен еңбегін атап өтті.

− Бұл – елді егемендікке жеткізген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа 1991 жылы халқымыздың ел тізгінін ұстатқан күн. Осы күннен бастап Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, Тәуелсіздігіміз тұғырына қонды және еліміз биік белестерді бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы мен беделі уақыт санап артып келеді. Тәуелсіздікті ту еткен ордалы 30 жыл ішіндегі Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық жетістіктері Елбасының елді жаңғыруға бағыттап, болашаққа бағдар берген түбегейлі реформалары арқылы жүзеге асырылды. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы Елбасының еселі еңбегінің, көреген саясатының жемісі деп білеміз. Тұңғыш Президент «Nur Otan» партиясының ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналуына да зор еңбек сіңірді. Біздің алдымызда елдігіміздің мызғымас тұғыры бірлік пен келісім арқылы қастерлі құндылығымыз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді сақтау міндеті тұр, − деді партия филиалының төрағасы.

Мұнан соң түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға партиялық билет табыс етті. Қоғамдық-саяси шараларға үлес қосқан партия белсенділерін облыс әкімінің Алғысымен марапаттады. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов Тәуелсіздіктің құндылығы туралы ойын ортаға салды. Жиынға онлайн қосылған азаматтар лебіз білдірді. Қазақстан халқы ассамблеясы Арал ауданындағы келісім кеңесінің төрағасы, Арал ауданының құрметті азаматы Нұралы Оспанов Тұңғыш Президенттің Аралға қамқорлығы жөнінде айтты. Қармақшылық жырау Бидас Рүстембекұлы ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дамытудағы жетістіктерге тоқталды. Ал шиелілік шаруалардың атынан сөз алған «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков күріш егуден «Озат ауданның» дала еңбеккерлерінің жетістігін бөлісіп, мерекелік құттықтауын жолдады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина елдігіміздің мызғымас тұғыры − бірлік пен келісім туралы ойын жеткізді.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті Бақытәлі Жамбыл Елбасының қандастарға деген қамқорлығына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге келген отандастардың атынан тілегін жеткізді. Қытайдан келіп білім алып жүрген жас дарын жырдан шашу шашты. Салтанатты жиын облыстық филармония әншісі Жалын Жүсіповтің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<