Президент Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол құрылысын бастауды тапсырды

544

0

Өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті болып қалу үшін теміржол тасымалдарын арттыру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдардың өткізу қабілетін арттыру үшін тар жерлерді кеңейту керек. Осыған байланысты Достық-Мойынты теміржол учаскесінің өткізу қабілетін арттыру керек және электр энергиясын көптеп енгізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы Трансазиялық темір жолдың Оңтүстік дәлізін дамыту үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа Дарбаза-Мақтаарал желісін салу міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл аса маңызды интеграциялық жоба. Бұл бастамалар бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Егер біз өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті болып қалғымыз келсе, шешімді қазір қабылдауымыз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры осы жобаларды іске асыруға кірісуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент сөзінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<