Президенттің Алғыс хатын табыстады

871

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына арнайы барып, ардагер ұстаз Сұлупан Шамшадиноваға Мемлекет басшысының Алғыс хатын табыстады.

Тереңөзек кентінің тұрғыны Сұлупан Шамшадинқызы ел Президенті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайланғанда қуанышын ашық хат жазып жеткізген болатын. Ақ жаулықты ана өз хатында Мемлекет басшысына жаңа Әділетті Қазақстан құру идеясын іске асыру жолында сәттілік тілеп, Сыр елі жұртшылығының атынан ыстық ықыласы мен  қолдауын білдірді.

«Мен қасиетті Сыр елінде туып-өсіп, киелі Сырдария өзенімен аттас Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде бүкіл саналы ғұмырым өтуде. 40 жыл ұстаздық еткен абзал ана ретінде ұрпағымыздың болашағы қандай болады деген сауал үнемі мазалайтын. Елде орын алған дүрбелең, әлемді жайлаған пандемия елді қажытып жібергені рас. Міне, биыл өткен Президент сайлауында ұсынған бағдарламаңыз осынау қиыншылықтардың барлығы артта қалғанына көзімізді жеткізгендей. Еліміздің болашағын айқындайтын маңызды шешім қабылдадыңыз. Әрине, бұл өте дұрыс әрі мезгілінде қабылданған бағыт-бағдар деп есептеймін.

Көзі ашық, көкірегі ояу еліміздің бір азаматы ретінде еліміздегі жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Әсіресе, аймақтағы жаңалықтар мен туған өлкеміздің даму көрсеткіштері көңілді қуантады» делінген ашық хатта.

Аймақ басшысы Президенттің алғысына бөленген ұлағатты ұстазды құттықтап, оған белсенді азаматтық ұстанымы мен туған жеріне деген жанашырлығы үшін ризашылығын білдірді.

Сұлупан Шамшадинова саналы ғұмырын өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Ағартушылық қызметін шеберлікпен атқарумен қатар, қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене қатысты. Ауылдық кеңес депутаты, аудандық бақылау тобының, «Сыр ана» әжелер ансамблінің мүшесі болып, өзіне тапсырылған басқа да жұмыстарды атқарды, әлі де ауданның қоғамдық өміріне белсенді атсалысып келеді. Ұстаз есімі «Ай дидарлы аналар», «Сырдария, Сырдария-Тереңөзек», «Сыр өңірінің мәдениеті» атты кітаптарға енді. Өмірлік жары Бақытжан Сауытбаевпен бірге 54 жыл отасып, бес бала өсіріп, тәрбиелеген. Перзенттері жоғары білім алып, әрқайсысы бір-бір отбасы болып, еліміздің дамуына үлес қосып келеді.

Ел болашағы – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде елеулі жетістіктерге жеткен, білімін, тәжірибесін, күш-жігерін өскелең ұрпақ игілігіне жұмсаған, аудандағы қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенділік танытқан, туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан ардагер-ұстазға «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Аға мұғалім» атағы беріліп, бірнеше рет министрліктің, облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары», «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталған.

Айта кетейік, аймақ басшысы Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде Тереңөзек кенті А.Алиакбаров көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мердігер мекеме «Асанас-Дар» ЖШС өткен жылы желтоқсан айында тұрғын үйлер аумағын жөндеп, қалпына келтірді.

Мұнан бөлек, облыс әкімі аудан орталығындағы «Углесбыт» ЖШС күріш ақтау зауытының жұмысын көрді. Кәсіпорын тәулігіне 100 тонна күріш өңдеуге қауқарлы, мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<