Қала жаңа құрылыстармен көркейеді

331

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарын бақылады. Алдымен аймақ басшысы Әли Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейі жанындағы қосымша ғимарат құрылысымен танысты. Негізі 600 орындық мектепте қазіргі таңда 2275 оқушы білім алуда. Сондықтан білім ордасының аумағын кеңейту мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қараша айында қосымша 375 орындық ғимараттың құрылысы басталған еді. Келесі оқу жылына қарай мектептің жаңа корпусы оқушыларды қабылдауға дайын болады.

Облыс әкімі мектеп оқушыларының ыстық тамақпен қамтылуын көріп, балалар тағамдарының дәмді әрі құнарлы болуын қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, биыл мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70 863 бастауыш сынып оқушыларына беріліп отыр. Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17 382 оқушы да тегін тамақтанады.

Өткен жылы қыркүйек айында 1000 орындық Өнер орталығының іргетасы қаланғаны белгілі. Көпфункционалды кешеннің жалпы құны – 3,7 млрд. теңге. Облыс орталығында өнерсүйер қауымның рухани кештерде бас қосуына, түрлі мәдени-көпшілік шараларды өткізуге арналған нысан жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Мұнан әрі аймақ басшысы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Неке сарайының құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 2 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын зәулім ғимараттың құрылысы 2022 жылы қыркүйек айында басталды және биыл тамыз айында аяқталмақ.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы Сырдарияның сол жағалауындағы Қан орталығына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын орталықта қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші жылына 500-ден 10 мыңға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Орталық 2024 жылы ақпан айында пайдалануға берілмек.Аймақ басшысы сол жағалауда салынып жатқан 470 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйге барды. Өткен жылдың аяғында құрылысы басталған бұл үйлер биыл қыркүйек айында ел игілігіне табысталады деп күтілуде.

Еске салсақ, қазіргі таңда Қызылорда облысында көптеген жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде өткен жылы ашылған Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі мен өнер мектебі, Арал ауданында Балықшылар аллеясы мен Балықшылар монументі, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында Еңбекшілер аллеясы, Жаңақорған ауданында заманауи саябақты атап өткен жөн. Биыл облыс орталығында жоғарыда аталған Өнер сарайы, Неке сарайы және Қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында зәулім Оқушылар сарайы, 7 мың орындық жабық стадион, «Анаға тағзым» орталығы, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығы секілді заманауи нысандар бой көтермек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<